Тәнге түскен таңба

Татуировка тек рухани құндылықтарымызға сызат түсіріп қана қоймай, адам денсаулығына да кері әсерін тигізуде
Татуировка тек рухани құндылықтарымызға сызат түсіріп қана қоймай, адам денсаулығына да кері әсерін тигізуде
Татуировка тек рухани құндылықтарымызға сызат түсіріп қана қоймай, адам денсаулығына да кері әсерін тигізуде

«Татуировка», «пирсинг», «боди-арт» сияқты сөздердің қоғамымызға етене еніп кеткені қашан. Бұрындары мағынасына мән бермей, өзімізге жат санаған мұндай әрекеттерге бүгінде көзіміз үйреніп те кетті. Бір өкініштісі, жылдан-жылға осы бір жаман әдетке құмартып алған қаракөз қыз-жігіттеріміз көбейіп барады. Тәнін суретпен безендіріп, өле-өлгенше құтылмайтын көк жазулармен денесін шимақтап алу сәнге айналған.

Зәурет Қабылбекова, психолог:

– Негізі адам татуаж не татуировканы екі себеппен жасатады: бірі өзгелерден ерекше болғысы келсе, екіншісі – сұлулық үшін. Татуажды көбіне қыз-келіншектер жасатады. Психология тұрғысынан қарасақ, татуировка жат нәрсе, шетелдік модаға еліктеушілік, көбіне санасыз түрде, ойланбай жасалатын қылық. Жас кезеңде қызығып жасалып, өмірлік таңба болып қалуы мүмкін. Және мұндай таңба абақтыдағы айырма белгілерімен ассоциацияланады, сол жағын да естен шығармаған жөн. Осындай жат әрекеттерге еліктеп жүрген өрімдей ұл-қыздарға психолог ретінде кеңесім, мұндай қадам жасамастан бұрын, ой елегінен өткізіп, тереңірек әрі жан-жақты талдау жасаңыз. Денеңізге көк жазу мен сурет түсірмей-ақ, көрікті де сұлу көрінуге болады.

Иә, шетелге еліктегеніміз соншалық, соңғы жаңалықтар мен өзгерістерді тез-ақ меңгеріп аламыз. Өкініштісі, жақсысын емес. Тәнге түскен жазбалар азып-тозудың, азғындалудың белгісі екенін көп жастар түсіне бермейді. Кезінде малға ғана ауысып кетпеу үшін таңба салынса, кейбір ежелгі тайпаларда қылмыскерді жазалау, масқаралау үшін денесіне сурет салған екен. Сондай-ақ, түрмеге отырған қылмыскерлердің денесіне, не бетіне татуировка салынатын болған. Осы арқылы халық қылмыскерді таныған.

Нұржан Қасымбеков, «Әл-Біләл» мешітінің наиб-имамы:

– Денеге сурет салу, яғни татуировка дегеніміз – шариғат үкіміне сай келмейтін нәрсе. Алла Тағала баршамызды жаратқан кезде бізге денемізді аманат ретінде береді. Мүмкіндігінше, өміріміздің соңына дейін осы аманатты сақтай білуіміз керек. Ал егер өз еркімізбен қолмен бүлдіріп, денемізге сурет салып, не келбетімізді өзгертіп, татуаж секілді нәрселер жасатсақ, ол аманатқа қиянат жасаумен тең. Бірақ, кейбір адамдардың бетінде не денесінде белгілі себептерге байланысты тыртықтар қалып жатса, оны пластикалық хирургиямен орнына келтіру қате емес. Өйткені, бұл Алла Тағала жаратқан ең алғашқы кейіпке қайта енетін әрекет саналады. Бұған дейін Кеңес Одағы кезінде ер адам әскерге барса, міндетті түрде сол әскери мекеменің атауы денесіне жазылатын. Ал егемендік алғалы исламға тереңірек ден бұрып, мұндай жат әрекеттерден арылудамыз. Жалпы, шариғатта тірі заттардың бейнесін суретке салуға тыйым салынған. Адам денесі түгілі, тіпті қағаз бетіне тірі тіршілік иелерін бейнелеуге болмайды. Ал қазіргі жастар, бір қателікке бой алдырып қана қоймай, татуировкамен адамның, құстың, не т.б. нәрселердің суретін салдыруда.

Қай қалада болмасын, қазір 10 салонның 4-еуі татуировка, пирсинг жасаумен айналысады. Өйткені, сұраныс көп. Қаласаңыз, түрлі жануардың, құстың, заттардың, тіпті адамның да суретін салып бере алады, немесе қалаған сөзіңізді жаздыруға болады. Әсіресе, жаздыгүні мұндай қызметтерге сұраныс артатынын байқаймыз. Күн жылына, ашық-шашық киінуге асығатын қыздардың жартылай жалаңаш жүруге құмартатындықтары да осыдан. Себебі, ақшаға жасатқан денесіндегі әлгі қымбат жазбаларды жұртқа көрсеткісі келеді. Онысымен ұялмайды, керісінше өзгелерден ерекшеленгеніне мақтанады. Ал әр жерін тесіп, сырға таққандарды көрсең, тіпті денең түршігеді. Құлақ, мұрнымен қоймай, ерні мен тіліне дейін сырға тағып алған жастар осылайша сұлулықтың жабайы түрін қолдан жасауда. Алайда, осы ақшаға сатып алған тұрпайы «моданың» кесірі денсаулыққа зиянын тигізіп жатқан жоқ па? 

Қай қалада болмасын, қазір 10 салонның 4-еуі татуировка, пирсинг жасаумен айналысады
Қай қалада болмасын, қазір 10 салонның 4-еуі татуировка, пирсинг жасаумен айналысады

Татуировка тек рухани құндылықтарымызға сызат түсіріп қана қоймай, адам денсаулығына да кері әсерін тигізуде. Оны медицина мамандары дәлелдеп отыр. Денсаулықтың қадірін білетін біраз мемлекеттер мұндай жат әрекеттерге ресми түрде заңмен тыйым салған. Өйткені, татуировка, пирсинг ағзадағы бұғып жатқан көптеген ауруларды түртіп оятатын көрінеді. Тіпті, денеге инемен сурет салу қатерлі ісікке де әкеліп соғады екен. 

Ғалия Құдабаева, дәрігер-дерматове-неролог:

– Татуировканың айтар-лықтай денсаулыққа зияны жоқ. Ол таза косметикалық процедура, яғни перманенттік макияж саналады. Көбі оны сән үшін, әдемілік үшін жасатады. Алайда, татуировка не татуаж жасайтын салондарда қауіпсіздік шараларының сақталуын қатаң қадағалау керек. Бір реттік қолданылатын немесе арнайы тазартылған инелерді ғана пайдаланған жөн. Ал егер, осындай гигиеналық талаптар сақталмаса, онда қан арқылы түрлі ауруларды жұқтырып алу қаупі бар. Егер татуировка жасатқан адам ағзасында созылмалы тері аурулары бар болса, онда мұндай әрекет осы аурулардың асқынуына әкеп соғады. Және тері рагін тудыруы да мүмкін.

Жалпы, әрбір адам өз денсаулығы үшін үлкен жауапкершілікті сезінгені жөн.

Мұндай әрекеттерге біздің асыл дініміз де қарсы. Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» деген сөз бар. Демек, Алла Тағаланың ерекше мейіріммен жаратқан мүсініне қолдан сурет салып, өзгеріс жасау – оған қарсы келумен бірдей. Жалпы денеге сурет салу – мұсылмандар үшін харам тірлік саналмақ.

Гүлнұр Сәтбаева