Төлқұжат пен жеке куәлікті рәсімдеу қымбаттады

426

Төлқұжат пен жеке куәлікті рәсімдеу бағасы өзгерді. 2014 жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіштің сомасы (АЕК) өзгерді. Енді бұл сома 1852 теңгені құрайды. Осылайша бұған дейін төлқұжат үшін 6924 теңге төлесеңіз, жаңа жылдан бастап 7408 теңге төлейсіз.

 Жаңа бағадағы құжаттарды 11 мың шымкенттік рәсімдеді

Жеке куәлікті рәсімдеймін деген азаматтар 370 теңге 40 тиын төлейді, былтыр бұл сома 346 теңге болатын. Жылдың басынан ОҚО ІІД көші-қон полициясының мамандары өңірімізде 41 мың 362 адамға құжат берген. Олардың 11 мыңнан астамы — Шымкент қаласының тұрғындары. Төлқұжатты шұғыл рәсімдеу мерзімі де сол күйінде қалды. Ол үшін бұрынғысынша тиісті төлемдер жасау қажет дейді.

Нұрғали Әбдіқадыр, Шымкент ҚІІБ Абай ПБ көші-қон полициясы бөлімінің инспекторы: «Бірінші санат бойынша 7 жұмыс күнінде дайын болған құжат үшін азамат 1989 теңге төлейді. Екінші санат бойынша 10 жұмыс күніне — 904 теңге, 3-санат — 15 жұмыс күніне -563 теңге төлеу керек.»

Бұл төлемдер төлқұжат пен жеке куәлікке тиесілі. Құжаттандыру бойынша тапсырысты азаматтар тіркелген мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында бере алады. Абай ауданының тұрғындары Мәделі қожа көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығындағы №1,№2 тіркеу бөлімдеріне (байланыс телефондары — 30-08-38, 21-46-79), Әл Фараби ауданының тұрғындары Республика даңғылы бойындағы ХҚКО № 5 бөліміне (56-70-17) және Оспанов көшесіндегі №3 бөлімге (30-10-35, 21-00-41), ал Еңбекші ауданының тұрғындары №4 бөлімге (52-50-84) жүгіне алады.