Ай мен күннің аманында Шымкентте екі баланың анасы Гүлзира Өмірбаева жоғалып кетті. Ғайып болған келіншектің туған-туысы қазір түгелдей іздеу амалдарына көшкен. 11-желтоқсаннан бері жалғасып жатқан іздеуден нәтиже жоқ. Шарасы қалмаған олар арнамыздан көмек сұрай келіпті.
Жұмысқа кетіп қайта оралмаған әйелдің анасы қайғыдан қан жұтып отыр. Екі жарым айдан бері бауыр еті баласын іздеп, шақшадай басы шарадай болған. Сәуегейлерден де сеп жоқ. Із-түзсіз кеткен қызынан қалған екі немересімен күн ұзаққа қара жолға телміріп отырады.
Гүлзейнеп Өмірбаева, жоғалған Гүлзираның анасы: «Қақаған қыста, түкпір-түкпірдің бәрін араладыық. Қызымның жоғалғанына осы нашақорлардың қатысы бар-ау. Палшылардың «Тірі» деген сөзін демеу тұтып отырмыз.»
27 жастағы Гүлзира 2013 жылдың 11-желтоқсанында жұмыстан оралмаған. Ғайып боларынан 20 күн бұрын тұтыну кооперативіне жұмысқа тұрыпты. Жылуға ақша жинайтын маман болып істей бастаған.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=nOBqaGctNiw[/youtube]
Гүлзейнеп Өмірбаева, жоғалған Гүлзираның анасы: «Көрген оқушы да бар екен. «Шығыс» шағынауданының тұрғындары үй алдында журналға жазып, кетіп бара жатқанын көріпті.»
Ал Гүлзираның басшысы мүлдем басқа дерек айтады. Сол күні таңертең жұмысқа келіп, сұранып кетіпті.
Ажар, «Барнне» меншікті пәтер иелерінің тұтыну кооперативінің басшысы: «Ол таңертең жұмысқа келіп, құдалықққа сұранып кеткен.»
Ал облыстық ішкі істер департаментінің мамандары Гүлзираның жоғалғаны жайында арыз түскен күннен бері іздестіру жұмыстары жалғастырып жатыр дейді.
Ғайып болған келіншектің дұшпаны бар-жоғын ешкім де ашық айта алмайды. Дегенмен, анасы «Қызымның соңынан ерген адамдардың бар болғанын ішім сезеді» дейді. Ендігі әрекет — тек үміт үзбеу ғана. Егер кім де кім кейіпкер туралы ақпарат білсе, 102 нөміріне хабарласуын сұранамыз.