Бейбіт күннің батыры

Тұрар Артықбаев
Тұрар Артықбаев
Тұрар Артықбаев

Еңбекші аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Тұрар Артықбаев кеудесін оққа төсеп, жиырма бір жасар қызды қанды қол қарақшыдан арашалауда көзсіз ерлік көрсеткен жан. Бүгінгі күннің батыры Президенттің жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол осыдан бес жыл бұрын болған оқиғаны толғаныспен еске түсіріп, тебірене әңгімелеп берді.

Бұл оқиға 2009 жылдың 11 желтоқсаны күні болған еді. Шымкенттегі «Жеңіс» саябағынан смс арқылы арыз түседі. Арызда И.К. деген азаматтың Виктория есімді бойжеткеннің «жауапсыз махаббатына» байланысты қоқан-лоққы көрсетіп жатқаны жазылған. Құқық қорғау қызметкері Т. Артықбаев пен оның әріптестері оқиға орнына жедел жетеді. Күдіктіні полицейлер осы саябақта ұстамақ болады.

Белгіленген жерге шұғыл түрде жеткен тәртіп сақшылары сезіктінің бойжеткен мен оның жездесіне шолақ мылтықты кезеп тұрғанының үстінен түседі. Тәртіп сақшылары қылмыскерге қаруын тастау керектігі жөнінде алдын ала ескерту де жасай-ды. Дегенмен, діттегенінен қайтпайтын ол іс-әрекетін жалғастыра береді. Осы сәтте Тұрар И.К-ға тарпа бас салады. Бар ойы оның қолындағы қаруын алып, жәбірленушілерді қауіптен құтқару болыпты.

Қылмыскермен арпалыс барысында мылтықтың шүріппесі басылып, оқ дәл Тұрардың ішіне тиеді. Полиция бойындағы ерік-жігерін жиып, қылмыскерді ұстап қалмақ болғанымен, алған жарақаты жанына батып, әлсіреп қалады. Осы жағдайды тиімді пайдаланған И.К. жерде жатқан Тұрарға тағы да оқ атып, оқиға орнынан бой тасалап үлгереді. Қызметтестерінің бірі жедел жәрдемге қоңырау шалса, енді бірі күдіктінің соңынан қуып кетіпті. Алайда, ұстай алмады.

Арада бір тәулік өткенде қылмыскер қолға түсті. Жарты жылдай аурухана төсегінде жатып, аман қалған полиция қызметкері сауыққан соң өзінің міндетін атқаруға қайта кірісті. Әлі күнге дейін Тұрардың омыртқасынан төрт оқ алынбаған. Соның салдарынан жарақаты жанына батып, кейде аяғы жүрмей де қалады екен.

Осы оқиғадан соң Тұрар Артықбаев Президенттің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 2013 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының «Жас тұлпар» сыйлығын алды. Облыс көлемінде «Ең үздік учаскелік полицей» атанды.

– Қаныпезер қылмыскерді неғұрлым тезірек құрықтауға тырыстым. Себебі ол қаншама жазықсыз жанның өміріне қауіп төндіретін еді. Бірақ ол кезде менде орден, медаль аламын деген ой болған жоқ. Қайткенде Отан алдында берген антыма адал болуды ғана мақсат тұттым. Қоғам тыныштығын күзету, заң бұзушыларды тәртіпке салу – құқық қызметкерлерінің абыройлы міндеті деп санаймын, – дейді Т.Артықбаев.

Т.Мәмбетұлы 1986 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Еркіндік ауылында (Бұрынғы Киров) дүниеге келген. 1996 жылы Шымкент қаласына көшіп келеді. Әкесі – Мәмбет құқық қорғау саласында еңбек еткен отставкадағы капитан болса, туған інісі – Ернар Ақтөбе облысында аға лейтенант шенінде тәртіп сақшысы болып қызмет етеді.

Ал анасы Рабиға үш баланың анасы, немерелерінің қуанышына бөленіп отырған бақытты әже. Тұрар жары Лаура екеуі 2 қыз тәрбиелеп отыр. 2006 жылы ІІМ Ақтөбе университетін бітіріп, еңбек жолын Шымкент қалалық ІІБ Еңбекші аудандық полиция бөліміне учаскелік полиция инспекторы болып бастады. Осы уақыттан бері ол азаматтардың конституциялық құқықтары мен мемлекет мүддесін қорғап, өзіне бекітілген әікмшілік аумақта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және басқа да қылмыстардың алдын алу, ашу барысында өзінің міндетін адал атқарып жүр.

Иә, бұл бейбіт күннің қаһарманы. Ол үлгілі отбасының отағасы, қыздарының мақтан тұтар әкесі, ал ұжымында бедел мен құрметке лайықты әріптес.

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік  Рабат», №24, 17.06.2015