Жылжымалы флюорографияға тексеріліңіз

382
Базар алдындағы флюорография қондырғысы орнатылған көлік

Облыста туберкулезге қарсы айлық басталды. Шараның мақсаты — өкпе құрты ауруын анықтау үшін тұрғындарды флюорографиялық тексеруден өткізу. Бүгінде адамдар көп шоғырланатын қала базарларында тегін флюорографиялық қондырғыдан тексерілу жүріп жатыр.

Базар алдындағы флюорография қондырғысы орнатылған көлік
Базар алдындағы флюорография қондырғысы орнатылған көлік

Бүгін Евразия базарының жұмыс күні әдеттегіден ерекше басталды. Сатушыларды базар алдына тұрақтаған жылжымалы флюорография қондырғысы күтіп тұрды. Таңертеңнен кешке дейін саудадан қолдары босамайтын олар дәрігерлердің өзі алдарына келгеніне дән риза.

Солардың бірі — Шыңғыс Ильянов. Ол базардан шығып, арнайы емханаға бара алмайды. Сол себепті де  дәрігерлердің алдына келгенін пайдаланып, денсаулығын тексеріп жатыр. «Өзіміздің денсаулығымызды алдын ала тексеріп, туберкулезден ауырып емделгенше, алдын алғанымыз жақсы ғой. Рахмет, алдымызға алып келгендеріне» дейді ол.

Базар сатушылары тексеріліп жатыр
Базар сатушылары тексеріліп жатыр

Таңсәріден жұмысын бастаған облыстық туберкулезге қарсы қызмет пен саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, сондай-ақ, қоғамдық денсаулық сақтау инститиутының мамандары екі күнде базардың жүзден аса сатушысын тегін тексеріп бітеміз деп отыр. Бұған дейін Шымкенттегі «Қырғы» және «Айна» базарларындағы төрт жүзге жуық азаматты тексергенде өкпе құртын жұқтырғандар анықталмапты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=lCYPyaXErXM[/youtube]

Эльмира Ақдәулетова, қоғамдық денсаулық сақтау институтының директоры: «Базарлардағы сатушыларды көбісі ауылдық жерлерден келеді. Күн суық кезде, ыстық кезде қолдары тимейді. Емханаға келуге уақыттары жоқ. Сондықтан өзіміз келіп отырмыз. Бәріміз халықтың денсаулығын ойлап отырмыз.»

Айта өтейік, жер бетінде 2 миллиардқа жуық адам туберкулез жұқтырған. Жыл сайын 9 миллион адам ауырып, соның салдарынан 3 миллион адам көз жұмады. Ал мұндай алдын алу жұмыстарының нәтижесінде елімізде өткен жылы туберкулезбен ауратындар саны 10 пайызға, ауру салдарынан болатын өлім 24 пайызға төмендеген.