«Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері мен «Отырар» телеарнасының «Олар оралған жоқ» атты бастамасы аясында редакциямызға хаттар көптеп келіп жатыр. Оқырмандар сұрапыл соғыс жылдары қаза тапқан сарбаздардың есімі мәңгі ел есінде қалса екен деген тілектерін айтып, жауынгерлер туралы мәліметтер мен суреттерді жолдауда.
Бұл жолы редакцияға келіп түскен хатты Түркістан қаласының тұрғыны С.Саймұратова жолдапты. Ол қан майданға аттанып, қайта оралмаған Әли Парманов туралы төмендегідей мәлімет береді.
Әли Парманов – 1920 жылы Түркістан қаласы, Қарнақ ауылында туған. Ташкент қаласындағы медициналық институтты дәрігер мамандығы бойынша тәмамдаған. 1941 жылы әскерге шақыртылып, соғысқа аттанады. Алайда, көп ұзамай Әли Пармановтың із-түссіз жоғалғандығы туралы «қара қағаз» келген.
P.S. Соғыстан қайта оралмаған-дар жайлы дерек білсеңіз, бізге хабарласыңыз. Азаматтың аты-жөні, суреті, қай әскери округтен шақырылғандығын толық жазып, редакциямызға (Шымкент қаласы, Н.Төреқұлов көшесі, 15 үй. Тел: 53-54-17) хат жолдауыңызға болады. Біз оны газет бетіне жариялай отырып, Жеңістің 70 жылдығына дейін арнайы топтама жасамақпыз. Сіз бен біздің бейбіт өміріміз үшін қасық қаны қалғанша майдан даласында арпалысқан азаматтарды осылайша мәңгілік есте қалдыруға тырысайық.