«Мәңгілік даңқ» шеруі 9-мамыр, сағат 08:30-да басталады

«Мәңгілік даңқ!» Қала әкімдігінің қолдауымен «Отырар» телеарнасы, «Оңтүстік Рабат» және «Рабат» газеттерінің ұжымы ұйымдастырып отырған бастама ауқымы кеңейе түсті. Қазірдің өзінде осынау шараға 500-ден астам адам қатысуға ниет білдіріп отыр. Қан майданда от кешіп, Отанына орала алмай кеткен азаматтарымыздың келесі бірі  – ағайынды Әли мен Әшімхан Ибрагимовтер.

Қызсұлу Ибрагимова

 

Мәңгілік даңқ

 

Мәңгілік даңқ

«Даңқ» мемориалындағы бұл тақташада Қызсұлу апайдың майдангер әкесінің аты қашалып жазылған. Дегенмен, ол осы жерден сұрапыл жылдарда майданға аттанып, бірақ оралмай қалған өзге де аталарының есімдерін көргісі келеді. Соғыс басталды дегеннен-ақ ауылдан аттанған қос ағайынды сол күйі дерексіз кеткен.

Қызсұлу Ибрагимова, қала тұрғыны: «Ибрагимов Әли атамыз соғысқа аттанғаннан кейін ауыр жараланып, жұмысшы батальонына ауысады. Сол жұмысшы батальонында қайтыс болғанын естідік. Одан басқа дерек жоқ. Ал одан кейінгі атам – әкемнің егізінің сыңары – Ибрагимов Әшімханды өзіміз ғаламтор іздей келе моласының Германияның Харлесхаузен қаласында жатқанын білдік. Әшімхан атам 1944 жылы 25-мамырда опат болған екен. Менің ойымша, осы кісілер тірі болғанда біздің әулетіміз мұнан да үлкен болар еді. Өкініштісі, ұрпақ қалмады. Ұрпағы болғанда ғой деп арман етеміз. Басына барып, зиярат етуді арман етеміз. Құдай бұйыртса, ақша жинап, Германияға барып қайтсақ деген ниетіміз бар.»

Солдан оңға қарай Әшімхан Ибрагимов, Әли Ибрагимов және Қасымхан Ибрагимов
Солдан оңға қарай – Әшімхан Ибрагимов, Әли Ибрагимов және Қасымхан Ибрагимов

Отаны үшін кеудесін оққа тосып, сұм соғысқа «сіңіп» кеткен қос ағайынды Әли мен Әшімханнан қалған жалғыз естелік – осы екі сурет. Қызсұлу апай солардың соғыстан аман оралған бауыры – Қасымханнан тараған ұрпақ. Ал қос боздақтың тағдыры әлі күнге тұман. Дегенмен, туыстардың көзі болмаса да олар туралы естелік мәңгілік жүректе сақталары сөзсіз.

Мәңгілік даңқ

Аталарының атын ардақтау үшін қала тұрғыны 9-мамыр күні болатын «Мәңгілік даңқ» шеруіне бүкіл отбасымен қатысуды жоспарлап жүр. Қажымұқан стадионы алдынан басталатын шеру Абай саябағындағы «Мәңгілік алауға» дейінгі аралықта жалғаспақ.

Отан үшін от кешіп, елге оралмаған батырлар мен қан майданда жанын арының садақасы етіп, бейбіт өмір үшін күрескен жауынгерлерді ұлықтау шарасы 9 Мамыр күні таңғы сағат 8-00-де Қажымўќан атындағы Орталық стадион алдында бастауын алады. Сапқа тұрып, батыр ата-апаларымыздың есімдері мен суреттері бар штендерлерді «Апрель» фирмасы дайындап жатыр. 6-мамыр күні тапсырыс қабылдау тоқтатылады. Қазіргі кезде 600-дей тақтайшалар дайындалып қойды. Қатарға тұрып, шеруге қатысам деушілердің қатары көбеюде.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=atxRl0qMP5s[/youtube]

Жеңіс күні бізбен бірге сап түзейтін болсаңыз, гүл шоғын ұмытпаңыз. Тағы бір ескеретін жағдай, бас киім мен қолшатыр есіңізден шықпасын. Ендеше, қан майданнан оралмай қалған бабаңыз болса, шарадан Сіз де қалыс қалмаңыз. Оралмаса да, Ұлы жеңісті жақындатқан баһадүрлеріміздің есімін бірге ардақтайық! Олай болса, 9-мамыр күні таңғы сағат 08:30-да жолығайық!