Бастама жалғасады

Балабек Таңатаров
Балабек Таңатаров
Балабек Таңатаров

1941-45 жылдары болған Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздардың ерлік істерін білмесек те, есімдерін ел есінде қалдыру үшін «Олар оралған жоқ» айдарын ұйымдастырған едік. Соның негізінде «Мәңгілік даңқ» шеруін де өткізген жайымыз бар. Оқырмандардың тілегі бойынша «Олар оралған жоқ» айдарымызды келесі жылғы Жеңістің 70 жылдығына дейін жалғастырамыз деп шештік. Олай болса, соғыс жылдарында майдан даласында хабарсыз кеткен, қаза тапқан туысыңыз жайлы мәліметті жолдауыңызға мүмкіндігіңіз бар.

Майдан даласынан оралмаған ет жақындары хақында қандай да бір дерек іздеп жүрген жандардың бірі – Шәмшиев Ақжолтай. Ақжолтайдың әкесі Дауылбаев Шәмші 1904 жылы туған. Бейбіт заманда шопан болған. 1942 жылы Арыс ауданы әскери комиссариатынан соғысқа аттанған. Содан кейін еш хат-хабар келмепті. Қай майдан даласына жіберілгені де белгісіз. Қара қағаз келмеген. Хабар-ошар жоқ. Шәмшіден Ақжолтай және Мырзахан атты екі перзент қалған. Екінші ұлы Ақжолтайдың айтуынша, әкесінің есімі «Боздақтар» кітабына шыққан. Алайда, «Даңқ мемориалында» жазылмаған.

Ақжолтайдың соғыстан қайтпаған тағы бір жақыны – Нұрманов Жұмахан. Немере ағасының баласы. Әскерге 1941 жылы шақырылып, соғысқа алынған екен. Соңғы хатын Мәскеу түбіндегі Зеленогорск маңында жүргенде жолдапты. Одан кейін хабар болмаған. Қаза тапқаны жөнінде қара қағаз ғана жетіпті.

27 жасында майдан шебіне аттанып, оралмағандардың бірі – Балабек Таңатаров (суретте). Бұрынғы Сталин колхозы, қазіргі Сайрам ауданы, Сиқым ауылынан алынған. 3 жыл бойы майданнан хат-хабар жазып тұрған. 1944 жылы Украина жерінде ерлікпен қаза тапқандығы жайында қара қағаз келген. Артында соғыс басталған жылы дүниеге келген Кемелбек атты ұлы қалады. Бірақ ол да 22 жасында жол апатынан өмірден озады. Ағасын жоқтаушы Күлімша Қабылбекова Балабектің әпкесі Талманың қызы. «Мәңгілік даңқ» шеруіне қатысқым келген. Бірақ аяғым шыдатпады. Сәл жүрсем, шаршап қалам. Балаларым мен немерелерім басқа қалада. Жасым 75-те. Ағамның майданнан жазған хаттары мен медальдарын ұлы Кемелбек көзінің қарашығындай сақтап жүрген. Бірақ 1963 жылы бақилық болғаннан кейін барлығын жоғалтып алдық. Қазір ағамның қай жерде жерленгенін де есімнен шығарып алдым» дейді қамығып, редакцияға арнайы келген Күлімша апа.