«Мәңгілік даңқ» шеруіне шақырамыз!

017-0051941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына облысымыздан 145 мың азамат аттанған. Оның 43 мыңы ғана елге оралса, қазір сол қарт жауынгерлердің 550-і ғана арамызда жүр. Ал 100 мыңнан астам азаматымыз қанға бөккен Еуропа даласында қаза болып, қазақ топырағына оралмады.

«Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері мен «Отырар» телеарнасының бірлескен «Олар оралған жоқ!» бастамасы да осы мақсатта қолға алынған болатын. Яғни, Отан үшін от кешіп, туған жердің топырағына жете алмай жан тапсырған азаматтарымыздың есімдерін мәңгі есте сақтау, қайта жаңғырту, бүгінгі ұрпаққа ержүрек батырларымыздың ерлігін таныту. Қаңтар айынан газет бетіне жария-лана бастаған бастамаға қолдау білдіріп, атсалысқан оқырмандарымыздың саны өте көп болды. Әкесін, ағасын не туысын іздеген азаматтар редакцияға хат жазып, хабарласып жатты. Бұл ешқандай коммерциялық бағыттағы бастама емес, соғыста қаза болған жауынгер батырларымыздың алдындағы азаматтық парыз. «Олар оралған жоқ» бастамасына бірден-бір қолдау білдірген Шымкент қалалық әкімдігі осы мақсатта азаматтарды 9 мамырдағы мерекелік шеруге шақырады. Жуырда, өткен баспасөз-мәслихатында осы мәселе сөз болды. Жергілікті БАҚ өкілдері, редакция ұжымдары және ұйымдастырушылар қатысқан жиында қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов сөз сөйлеп, шерудің ұйымдастырылу барысы жайында түсіндіріп өтті. «Мәңгілік даңқ» деп аталатын жеңіс шеруінде азаматтарға Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есімдері жазылған суреттерін алып шығуды ұсынды. Шерушілер Қажымұқан стадионынан «Даңқ» мемориалына дейін жаяу жүріп өтетін болады. Облысымыздан аттанған Ұлы Отан соғысы батырларының есімдері жазылған тақтайшалардың алдына гүл шоқтарын қойып, батырларға тағзым етпек.

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар! 

Сіздерді де осы шеруге қатысуға шақырамыз! Сүйегі жат елде қалған батырларымыздың есімдерін ұмытпауға тиіспіз. Олардың суретін алып шығып, рухтарына тағзым жасайық. Ол үшін соғысқа аттанып, қайта оралмаған азаматтардың портретін жасатып, туыстары бейбіт еске алу шеруіне шығуы қажет. Суреті болмаған жағдайда аты-жөні жазылған тақтайшаны көтеріп шығуға болады. Мұның бәрі де ер есімін есте қалдыру үшін жасалып отырған игі шара.

Айтпақшы…

Шеруге лайықталған арнайы портрет жасаумен айналысатын «April» жарнама агенттігінің мекенжайы: Ә. Сасбұқаев көшесі, 32/4а (облыстық прокуратура ғимаратының іргесінде). Байланыс тел: 43-22-27. 8-775-677-71-51. Шеруге арналған тақтайшаларды жасату бағасы – 500 теңге.