Аға ұрпақты құрметтеу азаматтық парыз

Абдуллаев Шәмші
Абдуллаев Шәмші
Абдуллаев Шәмші

Ұлы Отан соғысының ауыр зардаптарын бұрынғы Кеңес Одағы халықтарындай ешкім тартқан жоқ. Олар бұл соғыста 20 миллионнан астам ұл-қызынан айырылды.

Прокуратура тарихында Ұлы Отан Соғысы жылдары ерекше орынға ие. 1942 жылдың тамыз айында 885 прокуратура қызметкерлерінің 411-і Қарулы Күштер қатарына шақырылып, соғысқа кетті. Көптеген прокурорлар мен тергеушілер бостандық пен мемлекетіміздің тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін қиды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап өз еркімен майданға аттанған қаншама прокурорлар өз қызметіне оралмады.

Отанын қорғап, соғыстан аман-есен елге қайтып, өз ісін қайта жалғастырған Ә.Файзиев, Ә.Битасов, Ә.Көптаев, С.Богулей, И.Карпов, К.Тұрсынбеков, А.Сахов, Р.Зұлпхаров, Д.Төлегеновтер көп жылдар прокуратура органынан қол үзген жоқ.

Айталық, Қазақ КСР прокуратурасын 18 жыл басқарған Өтеген Сейітұлы Сейітов 1941–1945 жылдары Румыния, Болгария, Югославия, Австрия, Венгрияны азат етуге қатысты. Жеңісті Вена қаласында қарсы алды. Ал бейбіт өмірдегі еңбек жолын Ө.Сейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес аудандық прокуратурасында халық тергеушілігінен бастаған.

101 жасқа толған шағында дүниеден өткен ардақты генерал Нұрғали Смағұлов ағамыз 1956-1959 жылдары біздің Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры болып қызмет істеген. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әзімхан Файзиевтің, Әнуарбек Битасовтың, Арысбай Саховтың ерлік істері ешқашан ұмытылмақ емес.

Соғыс басталған жылы 18-ге енді толған Досмахамбет Төлегенов ағамыз да 1942 жылы майданға алынады. Үш жыл өлім мен өмірдің ортасында жүріп «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған Д. Төлегенов 1945 жылғы Қызыл алаңдағы Жеңіс шеруіне қатысқан бүгінгі көзі тірі куәгерлердің бірі. Досекең бейбіт өмірдегі еңбек жолын 1948 жылы аудандық прокуратурада тергеуші болып бастаған. Одан кейін аудан прокуроры, облыстық прокуратураның бөлім меңгерушісі болып ұзақ жылдар еңбек етті. Ұлы Жеңістің 69-жылдығын тойлағанда арамызда болған Досмахамбет аға да бұл күні дүниеден озды. Ағамыздың есімі мәңгілік есімізде сақталады.

Қазіргі таңда Ұлы Отан Соғысына көзі тірі ардагерлеріміз Абдуллаев Шәмші (суретте) ақсақалды әр жылы 9 Мамыр Ұлы Отан Соғысындағы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, ерекше көңіл бөліп отырамыз. Соның бір айғағы 2006 жылы прокуратура күніне орай облыс прокурорының ұсынысымен, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының бұйрығымен Ұлы Отан соғысының ардагері Абдуллаев Шәмшіге аға әділет кеңесшісі шені берілді. Прокуратура саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Әкімқары Есжановтың да ерлік істері кейінгі ұрпаққа өнеге болып тарады.

Айта берсек мұндай ерлік істер, әрине, көп. Кешегі қан майданның куәгерлері бүгінгі бейбіт өмірде де аянбай еңбек етті. Ұрпақ өсірді. Үлгі — өнеге бола білді. Өкінішке орай, олардың қатары күннен — күнге сиреп барады.

Осыған орай, облыс прокуратурасымен ардагерлер тұрып жатқан мекен-жайындағы жергілікті қала, аудан прокуратураларына тапсырмалар беріліп, ардагерлердің тұрмыс-жағдайынан хабардар болып отыру көзделген.

Прокуратура органдарында ұзақ жылдар адал да абыройлы еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері осы күндері прокуратурадан қол үзіп кетпей, жас буын прокурорлардың жақсы заңгер болып қалыптасуына өз үлестерін қосуда.

Ағаларымыздың өскелең ұрпаққа айтар өсиеті мен берер тәрбиесі мол.

Ұлы Отан соғысы ардагерінің ерен еңбегін әрқашан жадымызда сақтап, ардақтай білу біздің парызымыз деп есептейміз.

Ибраhим Иманов

Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі