Төлеби ауданында «Тау жұлдызы» сауда логистикалық орталығы ашылды. Леңгір қаласынан бой көтерген заманауи орталық 4 гектардан астам жерге орналасқан. Екі қабаттан тұратын зәулім ғимаратта болашақта 500 кісіге жұмыс орны ашылмақ. Кешеннің жанында 400 көлік сиятын бекет бар.
Болашақта бұл жерден қалааралық, халықаралық бағыттағы автобустар қатынамақ. Ғимаратта азық-түлік пен киім-кешекті саудалайтын нүктелер, қоймалар, мұздатқыштар бар. Тіпті келушілерге ойын-сауық орталықтары да қаралған. Нысанның жобалықсметадағы құны 500 миллион теңгені құрапты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TbFBhpnHTK4[/youtube]
Арман Исабеков, «Тау жұлдызы» ЖШС директоры: «Негізі, бұл нысан 2012 жылы біткен. Алайда «Бекжан» базары өртенгеннен кейін салынып жатқан жаңа құрылыстарға өте қатаң талаптар қойыла бастады. Өйткені, оған дейінгі біздің төтенше жағдай заңнамаларының құрылыс жағында су мен автономды өрт сөндіру құралдары жөнінде әңгіме болмаған еді. Кейіннен ол заңнамаға еніп, бізге орнатуға тура келді.»
Ал нысанға инфроқұрылымды жеткізуге мемлекет қолдау көрсетіпті. Өйткені, болашақта леңгірліктердің дені осы жерден өз нанын табады деген үміт бар. Әзірге бұл кешеннің Төлеби ауданында теңдесі жоқ.