Сауда орталықтарын салатын компаниялардың шығындарын мемлекет субсидиялауы мүмкін

30
сауда сөрелері

Сауда орталықтарының құрылысымен айналысатын компаниялардың 11,75 пайыз шығын мемлекет субсидиялауы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі ашық талқыға шығарған Үкімет  қаулысында  жазылған.

«Сауда орталықтарын, сауда үйлерін және қазіргі заманғы форматтағы сауда объектілерін салу жобалары бойынша облыс орталықтары мен моноқалалардағы сауда орталықтарында сауда алаңы кемінде 3 мың шаршы метр болғанда және онда азық-түлік тауарларын сатуға арналған сауда орындары болғанда субсидиялауға жол беріледі. Кәсіпкерлер үшін субсидиялау ҚР Ұлттық Банкі белгілеген базалық мөлшерлемеден аспайтын және 4,5 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бар кредиттер бойынша жүзеге асырылады. Оның 11,75%-ын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкер төлейді», – делінген жаңа редакцияда.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамада мұндай норма жоқ. Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде жазылғандай, бұл бастама қазіргі сауда алаңдарының тапшылығына және өнімдер бағасының қымбаттауына байланысты ұсынылып отыр.

«Бүгінгі таңда сауда инфрақұрылымының және жалпы сауда алаңдарының қазіргі заманғы форматтарының тапшылығы байқалады. Бұл өз кезегінде жоғары жалдау бағалары бөлшек сауда бизнесін ұйымдастыруға кететін шығындардың артуына және дүкендердегі өнімдер мен тауарлардың қымбаттауына әкеледі. Саудаға қатысушылар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасау, сауданың өркениетті форматтарының үлесін ұлғайту, сондай-ақ сатылатын өнімнің сапасын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы форматтағы сауда объектілерін салу үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсету ұсынылады», – деп түсіндірме берілген қаулыға.

Құжатты ашық талқылау 6 ақпанға дейін жалғасады.