Кешенді тестілеу өтіп жатыр

286
Тестілеудің №43 бекеті

Ел аумағында кешенді тестілеу науқаны өтіп жатыр. Оған қатысушы талапкерлер арасында нәрестелі келіншектер де бар.

Арнаулы оқу орындарын тәмамадаған және өткен жылы жоғарғы оқу орнына түсе алмаған түлектер үшін емтихан 4 күнге жалғасады. Бұл үшін қаламызда 3 бірдей тестілеу бекеті қызмет жасайды. Республика бойынша талапкерлерді ең көп қабылдаған № 43 бекеттегі тестілеу барысын бақылап қайттық.

Тестілеудің №43 бекеті
№ 43 тестілеу бекеті

Бұл жолы ешқандай абыр-сабырды, у-шуды байқамадық. Бұл кешенді емтиханның ұлттық бірыңғай тестілеуден ерекшелігі болса керек. Талапкерлер де тыныш, тек қобалжу сезімдері ғана жүздеріне жазылып тұр. Есік алдында ішке енген бірінен көмек қағаздары алынса, екіншісі металл өткізбейтін қондырғылардан айласын асыра алмады.

Мадина Исабек, талапкер: «Өте қобалжып тұрмын. Тіпті, аяқ-қолдарым қалтырап барады. Бірақ, өзім сәттілікке сенемін. Таңдаған пәнім – биология, болашақта медициналық академияға оқуға түскім келеді. Дәрігер болып, адамдардың өміріне араша болуды армандаймын. Өткен жылғы көрсеткішім шектік балдан асқанымен, білім грантын жеңіп ала алмадым. Ал биыл жыл бойы тестілеуге дайындалдым, сондықтан осы жолы 100 балды бағындырамын деп сенемін.»

Тестілеуге нәрестесімен келген талапкер де болды
Тестілеуге нәрестесімен келген талапкерлер де болды

Кешенді тестілеу тапсыруға шақалағын арқалай келген талапкер де болды. Таңсәріден есік алдын күзеткен әйел талапкерлердің барлығы аудиторияға тарағанша кеткен жоқ. Арнайы комиссияның жетекшісі бұл азаматшаға келесі күні келіп, тестке қатысуға рұқсат беріпті.

№43 бекетте 6127 талапкер етиханға қатысады
№43 бекетте 6127 талапкер емтиханға қатысады
Мынадай қондырғылармен тексеруден өтті
Арнайы металл сүзгіштер

Ғазиз Тайғамитов, ҚР Білім және ғылым министрілігінің өкілі, комиссся жетекшісі: «Талапкерлерге барлық жағдай жасалған, аудиторияға су қойылған. Жедел жәрдем көлігі де есік алдында тұр. Қазіргі таңда дөрекі ештеңе көріп тұрған жоқпыз, әзірге бәрі жалпы дұрыс деп есептеймін. Барлығы заң талаптарына сай жасалған. Талапкерлерді аудиторияға кіргізу алдында өзіміз көрдік, бақыладық, кішкене кемшіліктер болды. Бірақ, «Көш жүре келе түзеледі» дейді, алдағы уақытта оның бәрін түзейміз деген ойдамыз.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=BoD8uu4e6IA[/youtube]

Айта кетейік, бүгінде бір ғана №43 тестілеу бекетінде 4 күн ішінде 6127  талапкер емтиханға қатысуы тиіс. Бұл бекет ел аумағында талапкерлер ең көп тест тапсыратын бекет ретінде тіркеліп отыр. Ал білім сынағының нәтижесіне көңілі толмағандар келесі күні апелляциялық шағымның көмегіне жүгіне алады.