Оңтүстікте 8 мектеп директоры қызметінен кетеді

Ұлттық бірыңғай тест қорытындысы жарияланды. Бәйдібек, Мақтаарал, Сарыағаш, Созақ аудандарындағы осы мектептердің түлектері соңғы екі жылда төмен көрсеткішпен көзге түскен.

Оңтүстік түлектерінің 10 пайыздан астамы, тіпті, шектік деңгейден өтпеген. Олардың қатарын барлық пәннен 2 деген баға алған 6 оқушы толықтырып отыр. Жиында аудан әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары сол оқушылардың сабақ білмей отырған кейпіне еріксіз енді.

Бұл жиында Сарыағаштағы білім бөлімінің басшысынан сұхбат алу мүмкін болмады. Ал оқу жылының көп уақытында сот процесіне қатысқан Мақтаарал білім бөлімі басшысының айтылған сынға қатысты өз уәжі де, есебі де бар екен.

Қуатбек Бапаев: «Оның біразы дұрыс емес, қатысқан бала санын есептеулері керек. Сондықтан біразымен келіспеймін.»

Созақтық шенеуніктер жіберілген кемшіліктермен жұмыс басталып кеткенін алға тартты. Ал Кентау, Түркістан, Шымкент қалаларының ұстаздары мен оқушылары білім көрсеткіші бойынша алғашқы орындарда. Сол нәтиже облыстың орта көрсеткішін былтырғыдан екі балға көтерді.