Шымкентте 195 көшенің аты өзгереді

425

Шымкентте 195 көшенің атауы өзгереді. Қалалық мәслихаттың депутаттары дәл осы көше атауларына қатысты қоғамдық тыңдау өткізді. Бұған дейін жарыса ата-бабаларына ат беріп келгендердің әрекетіне тосқауыл қойылып, бей-берекетсіз атауларды жөндеуде үнсіз қалуды жөн көрмепті халық қалаулылары. Осылайша атауы қайталанатын 178 көше мен атауы моральдық тұрғыда ескірген 16 көше және мүлдем аты жоқ бір көшеге жаңа атау беру мәселесі талқыланды.

195 көшеге ұсынылған атаулардың басым бөлігі жер-су және дәстүрлі атаулар. Айбар, Күреңбел, Ғарышкер, Біркөлік, Жәудір секілді мағынасы бай атаулар да берілмек. 195 көшенің екеуіне ғана кісі есімі ұсынылып отыр. Бірі – Нығмет Төлендіұлы болса, екіншісі – Мұхаметқали Исламқұлов. Көшеге кісі есімін беру ережесі соңғы өзгерістерге сәйкес қатаңдатылған.

Сонымен бірге қалаға жаңадан қосылып жатқан шағынаудандардағы көшелерге реттік сан беру де жоспарланып отыр. Бұл сандық атау тәжірибеде бар, бұрынан қолданып келе жатыр. Сондықтан жатырқаудың қажеті жоқ дейді мамандар.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qd-ckwhIMII[/youtube]

Мұрат Базарқұлов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «Жыл сайын Шымкентке 30-40 көше қосылады. Олардың ешқайсысының атауы жоқ. Сондықтан қалаға жаңадан қосылып жатқан көшелерге сан беруді ұйғарып отырмыз. 1-200 саны Абай ауданына берілсе, 201-400 саны Әл Фараби ауданына берілді. Ал 401-600 аралығындағы сандар Еңбекші ауданына тиесілі.»

Атауы қайталанатын көшелерді тізбектейтін болсақ, 88 көше Абай ауданында орналасқан. Әл Фараби ауданының еншісінде 47 көше бар. Ал Еңбекші ауданында 60 көшенің аты қайталанады екен. Осындай олқылықтарды болдырмау және кеткен қателікті жөндеу үшін үн қатқан халық қалаулыларының ұсынысы енді мемлекеттік комиссияға жіберілмек.