Елімізде тұңғыш рет қажылық курсы ашылды

Облыстық орталық мешіттің ұйытқы болуымен тұңғыш рет қажылыққа баратын азаматтарға арнайы курс ашылды. Тегін өткізілетін сабақ мұсылманның бесінші парызы – қажылық сапарында жасалатын парыздар мен әрекеттерді түсіндіруге арналған. Бүгін ұлы сапарға аттанушыларға бірінші сабақ өткізілді.

Қажылық курсы

Қажылық курсы

Қажылық сапары алдында берілетін құнды кеңестердің бірі киімге қатысты. Ұлы парызды өтеудегі кейбір рәуіштерді білу Құдай алдындағы құлшылықтың толық болуына сеп. Сондықтан міндетімді өтеймін деген әрбір мүміннің қажылық курсының бұл сабақтарына қатысқаны алдымен өзіне керек.

Қалиолла Маджан, облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы: «Ең керекті нәрсе ол – сабырлық. Ол жерде біреуді итеріп жіберуге, дауыс көтеруге, балағаттауға, өсек айтуға болмайды. Неге десеңіз, ол – қажылықты бұзатын нәрселер. Ал ол кезде білмей құмырсқаны басып кету, шыбынды өлтіру, ағашты сындыру, шөпті өртеу деген нәрсенің өзі де қажылықты бұзады. Сондықтан осындайға мән беру үшін осындай сабақтарды ұйымдастырып жатқан жайымыз бар».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=wj4GYcdf_xU[/youtube]

Республика бойынша тұңғыш рет Оңтүстікте басталған бұл сабақтар – Түркия мен Малайзиядан алынған тәжірибе. Өз елінде қажылықтың қыр-сырын меңгеріп келген шетелдіктер «Қағбаны айналу», «Шайтанға тас ату» сынды көптеген рәсімдерде адасып кетпей, бір басшыға бағынады екен. Әрі киім кию үрдістерінде де біркелкілік орын алған. Өкінішке қарай, біздің елден барған азаматтарда аздаған жайсыздықтардың болып тұратынын ескерген дін өкілдері облыс орталығынан бөлек ауыл-аймақта да курстардың ұйымдастырылып жатқанын айтады.

Қажылық курсы

Қажылық курсы

Мұхаммеджан Естеміров, облыстық мешіттің наиб-имамы: «Басқа жерде оқылған намаздан, құлшылықтан ол жерде оқыған намазымыз мың есе артық делінеді. 100 мың есе артық жазылатын сауаптар бар. Арабша Құран оқудың сауабы шексіз. Енді біздің көп қажыларымыз арабша білмейді. Біз оны айып көрмейміз. Бірақ сондай жағдай болған күннің өзінде азаматтар жетекшілерге ілесе отырып, құлшылық жасайтын болса, сол айтқан сауаптарға ие болады, иншАлла!»

Қажылыққа биыл Қазақстаннан бес мың адам аттанса, соның бір мыңы – Оңтүстіктен. Оларға біздегі қажылық тасымалымен айналысатын үш фирма қызмет етеді. Дін өкілдері қарт кісілерді ұлы сапарға аттандырғанда жанында бір адамның болуына кеңес береді. Өйткені, көптеген амалдарды орындағанда қариялар денсаулығына байланысты жартылай орындауға мәжбүр болады екен. Бұл амалдың толық болмауына алып барады дейді имамдар. Айта өткен жөн, Оңтүстіктен үлкен қажылыққа баратын азаматтар қыркүйектің 19-ы күні жолға шығады.

Қажылық курсы