Оңтүстікте әлем елдерімен иық тірестіретін жаңа үлгідегі демалыс аумақтары ашылады. Бірі Қасқасу шатқалында салынса, екіншісі Шардарада ашылады. Аудандағы су қоймасы маңынан жағажай салынады. Ал Сарыағашта санаторий қалашығы бой көтереді.
Шетелден келген қонақтарды Бадам өзенінің маңынан ашылатын жағажай да қарсы алады. Осылайша Оңтүстікке аяқ тірейтін туристердің саны артып, экономикамыз дамитын болады. Бұл туралы Шымкентте алғаш рет өткен халықаралық туристік форум барысында айтылды.
Оңтүстік түгілі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған форумға шетелден мамандар көп келді. Көрші Ресей мен Қырғыстанды былай қойғанда Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Малайзя, Қытай секілді алпауыт елдердің туристік қауымдастықтары, инвестициялық компания өкілдері көптеп қатысты. Барлығының мақсаты бір — жаңа туристік жобалармен танысып, табысты инвестиция құю.
Жиналғандарды көп күттірмеген ұйымдастырушылар бірінші болып Қасқасу шатқалындағы тау-шаңғы базасының жобасын таныстырды. Құны 230 млн. АҚШ долларын құрайтын алып жоба жүзеге асса, Алматыдағы Шымбұлақты басып озатын түріміз бар. Базаның аумағы — 900 гектар. Таудағы қардың жату ұзақтығы 7 айды құраса, бір мезгілде 7-8 мың азаматқа қызмет көрсетуге қауқарымыз жетеді екен.
Туристік аймаққа инфрақұрылымды мемлекет қаржысына тартылады. Бұл жоба бойынша алғашқы жұмыстар былтыр бастауын алыпты. Бүгінгі таңда бір емес, үш бірдей инвестор қызығушылық танып отырған көрінеді.
Перизат Қонысбаева, ОҚО туризм басқармасының бөлім басшысы: «Қасқасу туристік базасына қажетті инфрақұрылымдарды мемлекет жүргізуде. Құрылыс қазіргі таңда қарқын алған. Ол жерге инвестиция құйған кәсіпкерлерге жеңілдік те жасалады».
Сондай-ақ, Сарығаштағы «Көктерек» курортты аймағының да жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда шипалы суымен әлемге танылған Сарығашқа жыл сайын 100 мыңнан аса демалушы келеді екен. Әсіресе, жаз мезгілінде әрбір орынға алдын ала тапсырыс беретіндердің қатары артқан.
Осыны ескерген өңір басшылығы Көктерек курортты аймағын тұрғызбақ. Мұнда минералды суын ішіп, ем-дом аламын деушілер үшін 1500 орынды төрт бірдей қонақ үй, аквабақ бой көтереді. Құрылыстың құны — 120 млн. АҚШ доллары.
Шардарада да жағажай ашылады. Су қойма маңында бес бірдей қонақ үй салынып, стадион бой көтереді. Түрлі саябақтар бой түзейді. Жобаның құны 187,5 млн. долларды құраған. Мұны да көп көрмеген кәсіпкерлер табылды. Форумға дейін олардың саны санаулы болыпты.
Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Бұл — бір жағынан инвестиция, жұмыс орны. Инфрақұрылым жоғары деңгейде болғаннан кейін өңірге келушілер, туристер көбейеді. Қазірдің өзінде 800 мың адам болып отыр. Соның 10 пайызы — шетел азаматтары. Жыл сайынғы өсім 10-15 пайызды құрап отыр».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=tOzcpFeLli0[/youtube]
Айта өтейік, күнгейде соңғы үш жылда 30-ға жуық туристік нысан ашылған. Кәсіпкерлер де туристік саланы дамытуға көңіл бөлген. Өйткені кәсіпкерлер көптеп ақша тапқан сайын, капиталы ұлғайып, бір жерге инвестиция салуды көздейді. Ал туризм саласы — діттеген мақсатқа жететін ең тиімді жол. Осына ескерген инвестициялық компаниялар бір емес, бірнеше меморандумға қол қойды.
Осылайша, Оңтүстік туризм саласын дамытып, экономикасын көтереді. Әлем сарапшыларының алдында тұсауы кесілген жобалар 2017 жылға дейін салынып бітуі керек. Елімізде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне келгендер күнгейдің де кең пейілдігін, байлығын көруі тиіс десті жиналғандар.