Баланы қоқысқа емес, «боксқа» тастасақ…

44-010

Елімізде «Бэби-бокс» – тастанды сәбилерге арналған жәшік орнатылуы мүмкін. Бұл мәселе әлі де қызу талқыға түсіп жатыр. Егер нақты шешілсе, мемлекетке біраз шығындалуға тура келеді. Жәшік арзан тұрмайды. Әрқайсысына шамамен 6-15 мың АҚШ доллары қажет. Арнайы жабдықталған қорап медициналық мекемелерге орнатылатын болады. Оның өзіндік шарттары да бар екен. Жәшікке салынған баланың денесінде ешбір зақым болмауы тиіс. Табылған жағдайда шарананың анасы іздестіріледі. Ал егер дені сау, денесі сызатсыз болса, сәби балалар үйіне жіберіледі. Бір қызығы жәшікті кез келген жан аша алады. Бала салынған бойда ол құлыпталып, арнайы дабылқаққыш арқылы медицина мекемесіндегілерге хабар беріледі. Қысқасы, сәбиін қорапқа салған ана ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ ондай жандарға кешіріммен қарауға бола ма? Онсыз да көкек аналардың қатары көбейіп жатқан заманда бала тастайтын жәшіктерді орнату арқылы бауыр еті баласынан бас тартатындар санын арттырып алмаймыз ба? Бәлкім жәшік орнатылса, қоқыс пен жертөлеге тасталған сәбилер азайып, жарық дүние есігін ашқан бейкүнә шарананың қауіпсіздігін қамтамасыз етерміз?

Ұласбек СӘДІБЕКОВҰласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Халқымыздың тарихында сәбиді далаға қалдырған оқиға болған емес. Алайда БАҚ арқылы көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда көкек аналар жаңа туған сәбилерін далаға, қоқыс жәшіктеріне тастап кету жағдайларының қатары көбейіп кетті. Кінәсіз нәрестені бұлай тастап кеткеннен гөрі сәбилер үйінің есігін қағып, сонда қалдырып кете алады ғой. Осы жағдай олардың психологиялық тұрғыдағы осалдығынан болып отыр.

Менің ойымша, баланы тастау жағдайларымен күрескенше, оларды алдын алу, болдырмау бағытында түбегейлі жұмыс жасауымыз қажет. Баланы жастайынан адамгершілік-рухани бағытында тәрбиелегеннің маңызы өте үлкен. «Шешеге қарап, қыз өсер» деген дана сөздеріміз бекер айтылмаған ғой. Аталған мәселелерге ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. Сондықтан, арнайы жәшіктерді орнату бұл проблеманы шешуге өзінің септігін тигізбейді деп ойлаймын.

Серік ТҰРБЕКОВСерік ТҰРБЕКОВ, Мақтарал ауданының әкімі:

– Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар орын алады. Әркімнің өз шындығы бар. Бір жақты кінәлау да дұрыс емес. Сол себептен кесіп ештеңе айта алмаймын. Бәлкім қажеттігі де бар шығар. Егер болмаса ол мәселе көтерілмес еді. Қандай жағдай болмасын біз бәріне дайын болуымыз қажет. «Дұрыс» немесе «бұрыс» деп сөз таластырып талқылағаннан гөрі бастысы тәрбиені дұрыс қалыптастыра білген абзал. Жастайынан дұрыс тәрбие алған бала өскенде мұндай әрекетке бармайды. Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған, жесірі мен баласын тастамаған.

 

Аманкүл АМАНОВААманкүл АМАНОВА, көп балалы ана:

– Жәшікке қатысты хабарды теледидар арқылы естідім. Шынымды айтсам мұндай жаңалықтарды көріп отырып көзіме жас келеді. Бір нанды бөлісіп жеп өскен біздің кезімізде бауырмалдық, мейірімділік басым еді. Ал қазір ше? Қазір қатыгездік пен мейірімсіздік қаптап барады. Өзегін жарып шыққан баласынан бас тартатын аналарды солардың қатарына жатқызамын. Ана сүтін еміп өспеген балада қандай мейірім болсын? Айта берсек, қоғамда орын алып жатқан жайттарға кейде қарным ашады. Бірақ, амал не?!

Ұрпақ тәрбиесін бірінші кезекке қою керек. Сол кезде «тастанды бала» ұғымынан арыларымыз анық. Бастысы, санаға берсін.

Гүлмира ТҮЙМЕБАЕВАГүлмира ТҮЙМЕБАЕВА, акушер-гинеколог:

– Тастанды балаларға арналған жәшіктің орнатылуына қарсымын. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Сәбилерге арналған жәшіктердің пайдалы да, зиянды да тұстары бар. Дегенмен айтар едім, бауыр еті баласынан бас тартамын деп шешім шығарған ана қалай да сәбиінен құтылуға тырысып, қоқыс секілді кез келген жерге тастап кетеді. Осы тұрғыда алып қарар болсақ, бұл жәшіктердің пайдасы бар. Ал екінші жағынан бұны көкек аналардың сәбиінен бас тартуына қолдау көрсету деп санаймын. Көрінген адамнан бала туып, оны тәрбиелеу, бағу жауапкершілігінен босатылған соң көкек аналардың қатары артары сөзсіз. Бұл ретте «материалдық жағдайы жоқ болса қайтпек?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ, мен оны жай сылтау дер едім. Себебі бізде «Үміт» бүлдіршіндер үйі бар. Бұл үйде сәби белгілі мерзім ішінде тәрбиеленіп, ананың аяқтан тұрып кетуіне мүмкіндік беріледі.

Гауһар АбдуқалиқызыГауһар Абдуқалиқызы, студент:

– Біз қарсылық таныт-қанымызбен, перзентінен бас тартамын деген ана бәрібір дегенін істейді. Әр күніміз жаға ұстарлық жаңалыққа толы бүгінгі заманда сәбиді қоқыс пен жертөлеге тастап кету фактілері жиілеп кетті. «Бэби-бокс» қораптары шақалақ денсаулығының алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Яғни, шарана қоқысқа тастағаннан гөрі осындай жәшіктер де қалдырылса, өміріне ешқандай қауіп төнбес еді.

Түйін:

Сонымен, сауалнамаға қатысушы тарап пікірі осындай. Қарап отырсақ, бәрінің сөзінің жаны бар. Тек есте ұстарлығы, мемлекет қанша жерден қамқорлығына алғанымен ата-анасына керек болмаған бала бәрібір «жетім» атанары сөзсіз. Ал сіз не дейсіз, оқырман?

Тақырыпты талқыға салған – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №44, 29.10.2014

 

Бала асырап алу үшін қажетті құжаттардың тізімі:

– Бала асырап алу тілегі туралы жазбаша өтініш;

– Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеру туралы өтініш;

– Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

– Бала асырап алуға жақын туыстарының жазбаша келісімі;

– Жиынтық табыс көлемі туралы анықтамалар;

– Отбасы жағдайы туралы анықтамалар;

– Денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық саулығы, есірткіге, алкогольге тәуелді еместігі туралы анықтама;

– Сотталмағаны туралы анықтама;

– Тұрғын үйінің бар-жоқтығын растайтын құжат;

– Бала асырап алуға үміткер ретінде тіркелуі керек.