Мешіттегі жастар орталығына кеңес сұрай келетіндер молайды

355
ОҚО бойынша жастар ісі бойынша 18 өкіл бар

Оңтүстікте облыстық мешіттің жанынан жастарға арналған орталық ашылды. Имамдар бұл бастама жастардың тәрбиесінің дұрысталуына сеп болады деп сенеді.

ОҚО бойынша жастар ісі бойынша 18 өкіл бар

Әбдүмәлік Байдулла облыстық мешітттің жанынан ашылған жастар орталығына жиі жүгінеді. Өзін мазалаған сауалдар мен жеке басына қатысты мәселесін осында келіп, ой таразысына салады. Мамандармен кеңеседі. Шариғаттың шешімін тыңдайды. Айтуынша, мешіттің жанынан жастарға арналған бөлімнің ашылуы қоғамдағы жасөспірімдер қылмысының азаюына сеп болады.

Әбдүмәлік Байдулла, студент: «Мешіттен жастар ісімен айналысатын орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Енді қоғамдағы тәрбие жұмыстарының сапасы жақсарады деген сенімдемін. Мысалы, мешітке келіп, шариғат, уағыз тыңдаған жастар арасында қылмыс пен құқық бұзушылық болмайды деген ойдамын. Достарымыз осында келіп, намазға жығылып жатыр. Мен бүгін имамнан болашақ жарымды қалай таңдасам болады деген сауал қойып, жауабын алдым. Жеке басымызға қатысты мәселелерді айтып, оны баршамыз бірге шешеміз».

"Жастар орталығының" ашылғанына 8 айдан асқан
Жастар орталығының ашылғанына 8 айдан асқан

Облыстық мешіттегі жастар ісі бөлімінің өз жұмысын бастағанына 8 ай өтті. Қазір мұнда келушілердің қарасы қалың. Бөлімнің мақсаты – жастарды имандылыққа шақыру және кері ағымнан аластау.

Алланың ақ үйіндегі жастар орталығы күн сайын қызмет етеді. Және әр сәрсенбі сайын кешкі сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін арнайы басқосу өтеді екен. Олар тақырыптарды талдайды. Және өз мәселесімен де жүгінеді.

Талғат Дәрібаев, облыс имамының орынбасары, жастар ісі бөлімінің меңгерушісі: «Жастар көбіне отбасылық проблемаларын айтып келеді. Өмірде түрлі қиыншылықтарға тап болғандар да осында келіп, біздің кеңеске құлақ түреді. Отбасын құрғысы келетіндер мен өзгені ренжітіп алғандар да бар. Туған ағасымен сөзге келіп қалатын жігіттер де бар. Біз «Үлкенге-құрмет, кішіге – ізет» деген сынды қанатты сөздерді айтып, діни тұрғыда әңгіме өрбітеміз. Аллаға шүкір, жастармен бірге бар мәселені бүкпесіз айтып, бірге шешіп жүрміз».

Жастар мұнда қоғамдағы мәселелерді еркін, бүкпесіз айтып қана қоймайды. Шариғаттың жауабын алады. Және Құран мен сүрелерді оқып үйренеді. Жаңа орталық жетекшісінің сөзіне сенсек, әзірге облыс көлемінде, шалғай аудан-қалаларда жастармен жұмыс жасайтын 18 өкіл бар.