Оңтүстікте жұмыссыздықты жою үшін жаңа жоба қолға алынды

348
"Кәсіптік бағдарлау" пилоттық жобасы

Ел аумағында жұмыссыздар бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр. Біздегі жас мамандардың 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал мектеп бітіргендердің 70 пайызы мамандықты дұрыс таңдай алмайды екен. Бұл — Шымкет қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының жасаған сараптамасы.

Осы күрделі мәселені шешу үшін жаңа пилоттық жоба қолға алынып отыр. Жас маман немесе жоғары білім алмаған мектеп түлегі арнайы тестілеу тапсыру арқылы қабілетіне қарай мамандығын анықтайды. Қайта даярлаудан өтіп, жұмысқа орналасады.

Шарас Тасболатова
Шарас Тасболатова

Шарас Тасболатова — жоғарғы оқу орнын биыл тәмамдаған түлек. Бірақ жас маман әлі жұмысқа орналасқан жоқ. Уақыт жоғатлпас үшін бойжеткен қалалық жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініпті.

Шарас Тасболатова: «Мені әке-шешем медицина саласына оқуға түсірді. Бүгінде оқу орнын аяқтадым, дипломымды алдым. Бірақ мен қазір жұмыссызбын. Бүгін, міне, тест тапсырдым, әңгіме жүргізу парағын толтырып жатырмын, психологтардың көмегімен мен музыка пәнінің мұғалімі болуым керек екенін анықтадым. Негізі, өзім осы салаға қызығамын, енді тағы да оқуға тапсырып, диплом алып, музыка маманы ретінде қызмет атқарамын деп жоспарлап отырмын.»

Ел аумағында әзірге «Кәсіптік бағдарлау» пилоттық жобасы Оңтүстік Қазақстан облысында ғана қолға алынған. Жобаға қатысушылардың құжаты қыркүйек айынан бастап қабылданып жатыр. Бұған қатысу үшін жоғары білімді болу міндетті емес. Алдымен арнайы психологиялық тестілеу тапсырып, жауаптылардың көмегімен мамандыққа деген қабылет -қызығушылығыңыз анықталады.

Айша Қамбарбекова, Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Бүгінге дейін жұмыс істемеген, отбасылық жағдайына байланысты үйде отырғандар жұмыс істегісі келетін болса, мүмкіндіктері мол. Мамандық тауып, қызмет атқаруларына болады. Бізде кәсіби оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстары бар. Оны оқыса, әрмен қарай жұмысты да өзіміз тауып беріп, қамтамасыз етеміз.»

 "Кәсіптік бағдарлау" пилоттық жобасы
«Кәсіптік бағдарлау» пилоттық жобасы қыркүйек айында басталған

Бүгінде «Кәсіптік бағдарлау» пилоттық жобасына қатысуға 500-ге тарта адам тілек білдірген. Оның 200-і кәсіби оқыту бойынша тегін білім алып жатыр. Ал 300-ге тарта адам жұмыспен қамтылып үлгеріпті.