Газ құбырының жарылысынан зардап шеккен шымкенттік 8 отбасының балалары да мерекеде назарсыз қалмады. Бүгін Еңбекші ауданының әкімдігі бұл отбасылар орналастырылған жатақханада жаңа жылдық кеш өткізді. Жас ерекшелігі әр түрлі 10 бүлдіршінді құттықтауға келген аяз ата мен қарша қыз бар өнерін салып, балғындарға мерекелік бағдарлама дайындапты.
Бұл кеште барлығы өлең айтып, би биледі. Оларға сыйлықтар да берілді. Естеріңізге салар болсақ, 20-желтоқсан күні Ақназархан көшесінің бойындағы екі қабатты үйде газ құбырындағы ақаудың салдарынан жарылыс болып, 1956 жылы тұрғызылғын үйдің қабырғалары құлаған болатын.
Соның салдарынан 8 пәтер мүлде жарамсыз болып қалды. Абырой болғанда адамдар аман. Бүгінде қала әкімі 5 отбасын Май комбинатының жатақханасына орналастырған. Енді алдағы жылдың алғашқы тоқсанында сол отбасыларды баспаналы ету жоспарланып отыр.