Оңтүстік ауызсумен 2019 жылы толық қамтылады

351

Халықты ауызсумен қамту жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы бес жылда 253 елдімекенге ауызсу жүйесі жүргізіліп, 900 мыңға жуық тұрғын таза су ішкен. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 39 нысанның құрылысы жүргізілді.

Нәтижесінде 11 елдімекендегі ауызсу құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 120 мыңнан аса ауыл тұрғындары тіршілік нәрін тәулік бойы тұтынып отыр. Ал өңірді толық ауызсумен қамту мәселесі тек 2019 жылы шешіледі екен. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров хабардар етті.

Баспасөз мәслихаты барысында күнгейді электр қуатымен қамтамасыз ету саласы да сөз болды. Мұнда электр қуатының тапшылығы сөз болып, сырттан тасмалданатын энергия көзін қысқартуда атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.

Айта өтейік, Шымкент, Түркістан қалалары мен Мақтаарал ауданында энергия тапшылығы басым. Ал көгілдір отынмен қамту өз жемісін беріп келеді. Әсіресе, «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистралды газ құбыры арқылы шалғай аудандардағы ауылдар да табиғи отынға қол жеткізіпті. 2014 жылдың қорытындысымен газдандырылған елдімекендердің саны 319-ға жеткен.