«Қапланбектің» шарабы

06-012

Отандық өнімді дүкен сөрелерінен жиі кездестіре бермейтініміз рас. «Олай болса, ол өнім қайда кетіп жатыр?» деген сауалға жауап іздемекші болдық. Алайда, ең алдымен отандық өнімнің қалай жасалатынын білуге ұмтылдық. Сарыағашқа баруға жетелеген сауалдар осы болатын.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=91v5KAw17Zs[/youtube]

06-018

Сарыағаштық Батырхан Мұсахановты былайғы жұртшылық ешкімге жалтақтауды білмейтін кәсіпкер ретінде жақсы таниды екен. Ол Кеңес одағы заманында талан-таражға түсіп, содан бері басына бақ қонбай келген «Қапланбек» агрошарап компаниясын сатып алған. Жасыратыны жоқ, шарап десе еске бірден Франция, Грузия, Армения елдері түседі. Алайда ешқандай қоспасыз, таза жүзімнен дайындалатын шарап біздің өңірде де өндіріледі екен. Бұған біз Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» агрошарап компаниясына барып көз жеткіздік.

06-011

Бүгінде 7 гектар жерді құрайтын зауыт аумағында бірнеше ғимараттар орналасқан. Зауыттың кіреберісіндегі қабылдау бөлімінде әкелінген жүзімнің салмағы таразыға түседі. Одан кейін жуып-шайылған жүзім түр-түріне қарай сұрыпталып, арнайы бункерлерге жіберіледі. Зауытта мұндай 8 бункер бар. Олардың әрқайсысы ұнтағыш құрылғы арқылы жүзімді ұсақтап, езеді. Әбден езілген жүзім сорғалау аппараты арқылы (стекатель) сығымдау аппаратына жиналады. Сығымдалудан өткен жүзім мен шырыны қоймаға жеткізіліп, белгілі бір температурада ұсталады. Қоймада жетіліп, насос арқылы арнайы жабдықталған бөшкілерге құйылады. Мамандардың айтуынша, шырын тұнбасы шарап түріне байланысты 1 жылдан бірнеше жылға дейін емен ағашынан жасалған бөшкелерде сақталады. Технолог Есбол Күзенбековтың айтуынша, шарап неғұрлым көп сақталса, соғұрлым сапалы әрі бағасы да қымбат болады екен.

06-014

Келесі кезекте мекеме басшысы бізді бөліп құйылатын цехқа алып барды. Мұнда шараптар насос арқылы бөтелкелерге құйылып, беті тығындалады. Одан соң арнайы құрылғы арқылы заттаңбасы жабыстырылады. Дайын болған бөтелкелерді мұндағы жұмысшылар қорап-қораптарға салып, қоймаға жинайды.

06-013

Былтырғы жылдың қараша айында қайта ашылып, өнім шығарып бастаған зауытта бүгінде 30-дан астам адам жұмыспен қамтылған.

06-017

Батырхан Мұсаханов, «Қапланбек» агрошарап компаниясының директоры:

– Біздің өнімдер «Қапланбек», «Жібек жолы», «Ркацители», «Тамада», «Талас», «Партвейн», «Кагор», «Саперави», «Херис» сауда белгiлерiмен шығарылуда. «Қапланбек» агрошарап компаниясының өнімдерінің сапасында мiн жоқ. Сырттан әкелінетін шараптармен салыстырғанда бағасы да әжептәуір арзан. Біздің елге импортталатын кез-келген шарап өнімдерімен бәсекеге түсе алады. Тауарлар әзiрге отандық нарыққа шығарылуда. Алдағы уақытта Ресей нарығына шығару жоспарда бар. 

06-016

Зауыт басшысының айтуынша, зауыт толық өндіріс қуаттылығына жеткенге дейін мұнда күніне 40 тонна, яғни, 5 мың бөтелке шарап өндірілмек. Ал, өндiрiс толық iске қосылса, өнім көлемі екі есеге көбейтіледі. Оған зауыттың қауқары да жететін көрінеді.

06-015

Бәсекеге төтеп беруді мақсат тұтқан «Қапланбек» агрошарап компаниясының өнімінің бағасы сырттан әкелінетін шараптармен салыстырғанда әжептәуір арзан. Ал, облыс орталығы Шымкентте орналасқан зауыттың фирмалық дүкенінде шарап өнімдерін зауыттан босатылатын бағамен сатып алуға болады. Оңтүстікті ғана емес, бүкіл Қазақстанды шараппен қамтамасыз етуді мақсат тұтып отырған мекеме басшысы келешекте минералды ауыз су, арақ, коньяк шығаруды жоспарға қойған екен. Алайда, зауытты аралау барысында байқағанымыз, мұндағы құрал-жабдықтардың тозығы жетіп, әбден ескірген. Ғимараттардың да жағдайы мәз емес. Дегенмен, кәсiпорын басшылығы шама-шарқы келгенше зауытты жаңартуға тырысып жатқанын айтады. Алайда, Батырхан Мұсаханов мемлекеттен қолдау болса құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, заманауи құрал-жабдықтарды сатып алар едім, – дейді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №6, 11.02.2015