Кеше пештен шыққан көмір иісі тиіп, уланған 7 адамның жағдайы тұрақты. Дәрігерлер, үй иесіне алғашқы медициналық көмек беріп, үйіне жіберген. 5 бала анасымен әлі ауруханада емделіп жатыр. Төтеншеліктер тұрғындарды сақ болуға шақырады.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ақжар ауылында жеке тұрғын үйде бір отбасының 7 адамы уланып қалды. Олардың бесеуі – бала. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ақау үйді жылыту пешінен шыққан.
ЖАСҰЛАН АЙНАБЕК, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Тұрғын үйде ақаулы пештің мұржасы дұрыс жұмыс істемеу салдарынан қатты отын толық жанбай, көмір қышқыл газы тарап, салдарынан 7 адамның улану жағдайы тіркелді».
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы иістенгендер Сарыағаш орталық ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Дәрігерлер олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
«Алдын ала тексерістен кейін отбасының әкесі үйіне қайтарылды. Бес бала дәрігерлердің бақылауына қалдырылды, жағдайлары қанағаттанарлық. Аналары да балаларымен бірге ауруханада. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің толық бақылауында»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ
Үй иесіне «өрт қауіпсіздігі қағидалары талаптарын бұзғаны» үшін айыппұл салынған. Облыстық төтенше жағдай депараментінің дерегінше, облыста өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, пайдаланған пештерден улы газдан уланудың бірнеше фактісі тіркелген. Оқиғалардың негізгі себебі — уақтылы тазаланбаған түтін мұржалары, жабық қақпашалар, пеште жарықтардың болуы.
Төтеншеліктер жылыту маусымы алдында 201 мың үйді аралап, тексерген. Тексеру кезінде 37 мыңнан аса бұзушылық тапқан.
Айта кетейік, 18 қараша күні таңсәріде Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында екі қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 12 адам мерт болған. Олардың жетеуі бір отбасының адамы. Қалғаны үй иесінің ағасының төрт баласы мен анасы екені белгілі болды. Өрттен 3 адам аман қалған. Олар қазір ауруханада емделіп жатыр.
Дилара Иса






