Облыстық әкімдік жаңа қонысқа көше бастады

443
Жаңа әкімшілік ғимараты

Бүгін белгілі болғандай, облыс әкімдігі және облыстық департаменттер жаңа ғимаратқа көше бастады. Алғашқылардың бірі болып облыстық ішкі саясат және дін істер басқармасы мен білім, жастар ісі және тілдерді дамыту басқармасы қоныс аударып жатыр екен.

Жаңа әкімшілік ғимараты
Жаңа әкімшілік ғимараты

Заманауи үлгіде салынған 16 қабатты ғимараттың құрылысы белгіленген межеден ерте аяқталды. «Арт құрылыс» мердігер компаниясының жұмысшылары өз жұмыстарын толық аяқтаған. Тек ұсақ-түйек тірліктерін түгендеп жатыр. Мұнда жылу да, су да берілген. Ал байланыс жүйелері орнатылуда.

Еркін Қыдыров, ОҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Қазір телефон желісін жүргізіп жатырмыз. Бұл көп уақытты алмайды. Екі күнде барлық жұмыстар аяқталады. Бүгін облыс әкімінің өзі келіп, көреді. Айта кету керек, құрылыс басталғанда бес жүзге жуық құрылысшы жұмыс жасады. Қазір 400-ге жуығы қалған».

Төрт блокты ғимараттың бірінші қабатында әкімдік мамандары отырса, екінші қабатында облыстық мәслихаттың депутаттары жұмыс істейді. Қалған қабаттары департаменттердің еншілеріне беріледі. Олардың барлығы бүгін белгіленетін арнайы кесте бойынша көшетін болады.