Шымкентте 12 жасар футболшылар арасында халықаралық турнир аяқталды. Бұл турнир Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орайластырылып отыр. Жарысқа қатысуға 12 команда жиналған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=mVFF5sPB1wk[/youtube]
Олардың арасында көршілес Өзбекстанның да жеткіншектері бар. Қалалық №7 футбол мектебінің жаңадан ашылған стадионы жастар үшін шеберлік шыңдауға жақсы мүмкіндік болып отыр.
Нұрлан Орынбаев, қалалық №7 футбол мектебінің директоры: «Қазақстанның футбол федерациясының талабына сай бұл жастағы жеткіншектер шағын футбол ойнауы тиіс. Яғни, 11 баланың орнына 9 ғана ойнайды. Ал біздің алаң осындай футбол ойнауға өте қолайлы. Сол себепті жарыстарды енді жиі өткізіп тұрамыз.»
Ақтық сында Тараздан келген қонақтар мен Арыстың футболшылары кездесті. Екі тайм бойы есеп ашылмай, қос команданың шабуылдары сәтсіз аяқталып жатты. Тараздықтардың ойын тізгінін қолдан бермейтіні байқалса, Арыстың жеткіншектері де қақпаны бағындыруға тырысты. Алайда есеп өзгермеді — 0:0.
Нәтижесінде жеңімпазды анықтау үшін пенальти тебіліп, тараздықтар жеңіске жетті.
Шаумян көшесінің бойында ашылған стадиондағы халықаралық турнир бес күнге жалғасты. 12 команданың арасынан үшінші орыннан «Ник» командасы көрінді.