Көк тудың желбірегені…

10-012Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

– Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы тиіс.

 

10-011

Естеріңізде болса, ақпан айында отандасымыз Геннадий Головкин спорттық карьерасында тағы бір жеңіске жетіп, күллі қазақ еліне қуаныш сыйлағаны белгілі. Бұл жеңіске еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін шат-шадыман болған еді. Осы бір жеңістен соң астаналық тұрғын Жандос Құрманбаев еліміздің көк байрағын балконына іліп, сүйікті боксшысының жетістігіне деген қуанышын осылайша бөліскен-ді. Алайда билік бұл әрекетті заңға қайшы көріп, мемлекеттік рәмізді орналастыру ережесін бұзғаны үшін 396 400 теңге көлемінде айыппұл салған болатын. Бұл әлеуметтік желілерде кеңінен талқыға салынып, көптеген қолданушылардың наразылығын тудырды. Тіпті кейбірі азамат Жандос Құрманбаевты қолдайтындығы жөнінде флешмоб ұйымдастырса, желілерде туды ұстап түскен суреттерін салушылар саны еселене артты. Арада көп уақыт өтпей айыппұлға қатысты әкімшілік хаттама күшін жойды. Айта кетейік, астаналық тұрғын өзінің бұл әрекетін патриоттыққа балады. Оны көптеген қазақстандықтар да қолдады. Сіздіңше бұл расымен де патриоттық па, әлде Мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу ме? Қалай ойлайсыз? 

Ғани Қасымов, ҚР Парламент Сенатының депутаты
Ғани Қасымов, ҚР Парламент Сенатының депутаты

Ғани Қасымов, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

– Г. Головкиннің жеңісіне қуанып, Мемлекеттік Туды іліп қойған жігітке салынған 400 мың теңге көлеміндегі айыппұлды айыппұл емес, өзіне сыйақы ретінде ұстату керек. Ол туды желден ұшып кетпесін, бүктеліп қалмасын деп бекітіп, мықтап іліп қойған. Өз қалтасынан ақша шығарып, сатып алған. Оны үтіктеп, қадірлеп, қандай да бір партияның айдауынсыз, әкімдіктің нұсқауынсыз шын жүректен қуанышын білдіріп, іліп қойды. Жүректердің қалауына қарсы шықпай, заңның нормаларын өзгерту керек. Ондай тыйымдарды алып тастау керек. Мен туды кеудеме іліп алғым келсе, ол менің өз қалауым ғой.

Жұпарбай Әсілов, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Жұпарбай Әсілов, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жұпарбай Әсілов, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Астаналық тұрғынның әрекетін бірі патриоттық десе, енді бірі мемлекеттік рәміздерге деген құрметсіздік деп айтып жүр. Өзім ол жігіттің әрекетін екі жақты алып қарар едім. Иә, отандасымыз ел азаматы ретінде спортшымыздың жеңісіне қуанғандықтан сондай қадамға барды. Бұл да патриоттықтың бір белгісі. Екінші жағынан алып қарасақ, «патриот екенмін» деп туымызды көрінген жерге іле берген де дұрыс емес. Көк байрағымызды балконға ілуді құрметсіздікке теңеймін. Рәміздерді қайда, қалай қолдану керектігі жөнінде заң шеңберінде өзіндік нормалары бар. Талап орындалуы үшін бекітіледі.

Берік Құрманғали, ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы
Берік Құрманғали, ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы

Берік Құрманғали, ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Патриоттық сезім тек көк байрағымызға деген құрметпен өлшенбейді. Әркім өзінше патриот екенін де ұмытпаған абзал. Біреу көк Туымызды арқасына жамылса, енді бірі үйіне іліп қойып жатады. Ал келесі бірі мемлекеттік рәміздерге деген құрметін жүрегінде сақтайды. Дегенмен ел азаматы ретінде кез келген қазақстандықтың үйінде не жұмыс орнында көк байрағымыздың болғанына қарсылығым жоқ. Мәселен, өзім қандай қызметте жүрсем де, мейлі ол жеке не мемлекеттік қызмет болсын жұмыс кабинетімде міндетті түрде байрақ бар. Үйімде де көк туымыз ілулі тұр. Ол өрескел қылмыс емес. Бірақ біздің заңда Мемлекеттік рәміздерге қатысты белгілі бір шектеу қарастырылған. Меніңше депутаттар осы жайтқа назар салса. Яғни, қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу қажет. Онсыз болмайды. Біз тәуелсіз мемлекетте тұрып жатырмыз. Демек, кез келген азаматтың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметіне ешкім тосқауыл болмауы қажет.

Нұркөз Жаңабаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты
Нұркөз Жаңабаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

Нұркөз Жаңабаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Көк байрақты үйіне ілген азаматқа айыппұл салған билікті түсінбеймін. Бөтен елдің Туы емес, өзіміздікі ғой. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қайта мұндай азаматтарды қолдауымыз қажет. Өзгелерге үлгі ете білгеніміз жөн. Солардың арқасында жас ұрпаққа патриоттықты үйрете аламыз. Бәлкім туымыздың балконда ілінгені заңға қайшы шығар. Бірақ байрағымыз жыл он екі ай ол жерде желбіреп тұрған жоқ. Сол үшін де заңға өзгеріс енгізу керек. Әрбір қазақстандықтың үйінде міндетті түрде көк байрағымыз болуы қажет дегенді де қолдар едім.

Артық болмас білгенің

Ø Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

ØҚР Мемлекеттік рәміздері туралы заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті;

ØПрезидент, парламент, министрліктердің, жергілікті заң және атқару органы резиденциясы ғимараттары мен елшілік ғимараттарының үстіне міндетті түрде мемлекеттік ту орнатылады. Заңда қожайындарының қалауы бойынша өзге ғимараттарда (үй-жайларда) көтерілуі (тігілуі) мүмкін;

ØҒимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруы тиіс;

Ø1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту (1 х 2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;

Ø6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда Мемлекеттік Ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5 х 3 метрден 2×4 метрге дейін өлшеммен), ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1×2 метр өлшеммен) орналастырылады;

Ø9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда Мемлекеттік Ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2×4 метр және одан жоғары өлшеммен), ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1 х 2 метр өлшеммен) қойылуы тиіс.

Дайындаған – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015