ОҚМПИ-де Оңтүстікте болмаған айтыс өтті

757

Шымкентте айтыс десе ішкен асын жерге қоятын тыңдармандар асыға күткен дүбірлі  дода өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығын дәріптеуге арналған сөз сайысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жастары өзара бақ пен бап жарыстырды.

ОҚМУ-дың командасын бәсекеге бастап келген, талай додада топ жарған Карима Оралова көп жылдардан бері оралымды ойларымен, тапқыр теңеулерімен көпшіліктің көз қуанышына айналып жүр. Ал ОҚМПИ командасының капитаны Біржан Байтуов соңғы жылдары республикалық, халықаралық айтыстарда қарсылас шақ келтірмей қанжығасы майланып жүрген жас пері, мықтылығын елге мойындатып үлгерген дарабоз.

Сонымен, ОҚМУ командасының құрамында Карима Оралова, Бақытжан Әліханов, Нұрғали Әнапия және Мұқағали Кенжетайұлы өнер көрсетке, қарсылас команда Біржан Байтуов, Серік Жұмаділ, Дәурен Ақсақалов пен Аян Ниязбек сынды жас таланттар бар. Бұл жолғы жөні бөлек, жосығы ерек айтыста елдің ерекше құрметіне бөленген, белгілі жазушы-журналист Мархабат Байғұт бастаған қазылар алқасының құрамында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының басшысы Уәли Қыдыр, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан және «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің осы облыстағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай болды.

Бірінші кезең – қайым айтыстың ережесі бойынша әр команда әр алуан ұйқастармен екі жол өлең айтып, ал қарсылас команда тез арада қалған екі жолын құрастырып айтуы керек. Бұл сында бір-бірінен қалыспаған қос команда да ұтымды жауаптар айтып, есеп бойынша тең түсті.

Ал екінші кезеңдегі  түре айтыс өте тартысты өтті. Төрт жұп жеребе бойынша анықталды. Бірінші болып сахнаға ОҚМУ-дан Қажымұқан Абзалов пен ОҚМПИ-дан Серік Жұмаділ шықты. Тәжірибесі мол Қажымұқан Серікті сөзбен орап кеткенімен, қарсыластың да қайтарымы осал болмады. Дегенмен, бұл жұпта Қажымұқан айқын басымдықпен алға шықты.

Екінші болып өнер көрсеткен ОҚМУ студенті Мұқағали Кенжетайұлы мен ОҚМПИ ақыны Дәурен Ақсақаловтың сөз сайысына көрермен ерекше ризашылық білдірді. Дегенмен жазба ақындығымен танылған Мұқағали ақын айтыста асығы алшы тұрып жүрген Дәуреннен оза шаба алмады. ОҚМПИ-дің студенті осылайша таразы басын теңестіріп кетті.

Ал келесі кезекте аламан бәйгенің ең кенже ақындары өзара сынға түсті. ОҚМУ намысын қорғаған Нұрғали Әнапия мен ОҚМПИ беделін асқақтатқан Аян Ниязбек жас та болса тарихтан сыр шертіп, бір-біріне жарасымды әзілдерді жаудырды. Еш тосылмаған қос ақын көререндермен қоса әділқазылар алқасын да таңдандырды. Бір сөзбен айтқанда, айтыстың нағыз жұлдыздарына айналды.

Мықтыны анықтауға келгенде төрешілер екеуіне де ең жоғары бағаларын берді. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, соңғы болып айтысқан қос капитан салмақты сөздермен айтысты зерделеді.  Әбден ысылып, айтыс атаулының қасқырына айналған жұп дүбірлі доданың нүктесін қойды. Айтыс барысында Біржан алдымен Кариманы қартайған Қыз Жібекке теңеп, соңынан өнердегі әпкесіне құрмет ретінде  саусағына жүзік тақты. Бұл жұпқа да тең деген баға берілді.

Бұл жолы ұлтымыздың төл өнерін тамашалауға келген жастардың қарасы көп болды. Қатысушыларға қошеметтерін аямаған көпшілік жеңімпаз команданы асыға күтті. Ел аузында айтылып жүрер айтысқа айызы қанған қазылар алқасы өзара келісіп, Біржан Байтуов бастаған ОҚМПИ командасын жеңімпаз деп тапты. Жұптық айтыс бойынша қос команда тең түскенімен, жалпы есеп бойынша ОҚМУ қарсыластарынан екі балға артта қалып қойды.

«Айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Жас ақындар ойымыздан шықты. Әрине, «Әттеген-ай» деген тұстары да болды. Мәселен, ақындар тақырыпқа тереңінен бара алмады. Қазақ хандығы жайлы жырлар болса, ақынға сөз табылар. Бірақ, олар оның мәнін, мағынасын ашып, қопарып тастай алған жоқ. Дегенмен, бұл жастарға кешірімді жәйт. Аян мен Нұрғали бүгінгі аламан айтыстың көзаймына айналды деген ойдамын. Бойларынан жыр ағылып тұрған өнерпаздардың бағындырар белестері алда деп білемін. Осылай мектептердің, колледждердің, университеттердің арасында тек өнер жарысы емес, спорттық секілді басқа да сайыстар ұйымдастырылып тұрса, жастардың арасында өзара ынтымақ, бірлік артып, тығыз қарым-қатынас орнар еді. Қос шаңырақ та ғасырға жуық мықты кадрларды даярлап келе жатқан оқу орындары. Сондықтан, олар тәрбиелеген ақындардың қай-қайсысы да мақтауға лайықты. Келесі айтыс ОҚМУ-дің төрінде өтеді деген сенімдеміз» деді қазылар алқасының төрағасы Мархабат Байғұт.

Осынау тамаша айтысты ұйымдастыруға ұйытқы болып, Оңтүстікте жоқ жаңалық ашқан іскер басшы, ғылым докторы, ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшов ақындарға ізгі тілегін білдіріп, арнайы сыйлықтарын табыс етті. Ауыспалы кубок ОҚМПИ ақындарына бұйырды. Жеңісті ортақ деп есептеген Оңалбай Аяшұлының «Бір-екі балда тұрған ештеңе жоқ, меніңше, бүгін достық жеңді» деген көзқарасы көпшілікті сүйсінтті. Енді өзгелер өнеге тұтар тірлікті басқа оқу орындары жалғастырып әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Айнұр Оңғарбай, «Рейтинг» порталы. 6 наурыз, 2015 жыл