Оңтүстікте көрісу күні тойланды

769

Оңтүстікте көрісу күні атап өтілді. Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына жиналған жамағат дәстүрдің мән-маңызын айтып, оны көпшілікке кеңінен дәріптеді.

Мерекені қаламгер Мархабат Байғұт ашып берді
Мерекені қаламгер Мархабат Байғұт ашып берді

Сәлем-сауқатын сұрасқан топ мұнда жай жиналған жоқ. Әз-Наурыз айының алғашқы мерекесі – көрісу күнін атап өту үшін келген. Алдымен меймандар үйге еніп, жағдай сұрасты. Үй иелері ақ дастархан жайып, тәтті бауырсағын ұсынды. Сіз бен біз болып, салт-жоралғыны насихаттау, міне, осылай басталды. Мерекелік ән-күй де осы ғұрыптың аясында орындалды.

Көптің алдыда Жолболсын Қаракесек қарап қалмады. Қазақтың қара домбырасын қолға алып, Нұрғиса Тілендиевтың тұщымды туындысын дәріптеді.

Жолболсын Қаракесек, №77 мектептің оқушысы: «Мен Наруыз мерекесіне арнайы дайындалып келдім. Сондықтан аса бір қобалжуды сезінбедім. Ал қойылым желісі бойынша мен бұл үйге қонақ ретінде келдім. Қазақта мейман әр кезде үй иесіне сыйлық апаруы керек қой. Сол секілді мен ән-тартуымды әкелдім. Бұл дұрыс, орынды салт-дәстүр деп ойлаймын.»

Көрісу күнінде көпшілік бір-бірімен хал сұрасып, өткен-кеткенді әңгімелеумен шектелмеді. Халқымыздың төл өнерін жаңғыртты. Бірі дәстүрлі, халық әндерін айтты. Ал екіншісі мерекенің маңызын түсіндірді. Көрермендер залына жиналған жастар қойылымнан жақсы әсер алдық дейді.

Арайлым Әбдіманап, №40 мектептің оқушысы: «Бүгінгі мереке өте қызықты өтіп жатыр. Маған ұнады. Бұған дейін мен ата-әжелермен қол алысып, қалайсыздар деп сәлемдесуші едім. Ал қазір үлкендермен «Армысыздар, амансыздар ма» деп  хал сұрасуды үйрендім.»

Көрісу мерекесі — қазақтың үлкен мән-маңызға ие дәстүрі. Көпшілік мұны қауышу күні деп те атайды. Бұл күні жамағат таңертең ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң жылы шырай танытып, құшақ жайып амандасады, Тіпті бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп ақ тілектерін жаудырады.

Дәстүр бойынша ренжіскен адамдар кешірім сұрасып, бұрынғы араздық ұмытылуы тиіс. Аға буынның айтуынша, бүгінгі жас толқын айтулы мерекені тойлаумен шектелмеуі керек. Сәлемдесудің де өзіндік ережелері бар.

7045

Жиенкүл Жазықбаева, көпбалалы ана: «Кез келген жерде сүйісіп, қол алысып сәлемдескен болмайды. Оның да өзіндік жөні болады. Қайынаға, қайыната немесе енеңмен сүйісіп амандасу деген болмайды ғой. Сый, ізет деген болуы тиіс. «Арма әже, амансыңдар ма, мал-жан аман ба?» деп сәлемдескен дұрыс. Ал ер-азаматтар құшақ жайып, төс қағыстырып, жағдай сұрасқаны дұрыс.»

Наурыздың жайма-шуақ мерекесі – Көрісу күнін айтыскер ақындар да жырларына арқау етті. Сөз асылын саптап, өзара сайысқа түсті. Жаңа жылдан жақсылық тілеп, ниеттенген көпшілік өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырды.

Айта кетейік, наурыз айының әр күнінде мейрам белгіленіп, ондағы орындалатын дәстүр -жоралғы кеңінен дәріптелетін болады.