Оңтүстікте Наурыз тазалық күнімен басталды

315

Оңтүстікте Наурыз тазалық күнімен басталды. Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғырту мақсатында биыл да әр күнге атау беріп, бағыт бойынша жұмыс жасау қолға алынды. Алғашқы Алас күні облыста жалпыхалықтың сенбілік ұйымдастырылды.

Көпқабатты үйлердің аулаларындағы қордаланған қоқыстар шығарылып, ағаштар әктелді. Ал Абай саябағындағы Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан 165 мың оңтүстікқазақстандықтың есімдері таңбаланған «Даңқ» мемориалының аллеясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов арамызда жүрген соғыс ардагерлерімен бірлесе ағаш көшеттерін отырғызды.

Тазалану, тазару ұғымымен астасатын Алас күні жергілікті билік өкілдерінен бастап қарапайым тұрғындарға дейін жалпыхалықтық сенбіліктен табылды. Осы күні 150 көше бойы мен 900-ге жуық көпқабатты тұрғын үй аулаларында тазалық жұмыстары атқарылды.

Тазалық шарасынан батырлар да қалыс қалмады. Сексеннің сеңігірінен асқан Дмитрий Сторожукке кәдімгі бозаршаны егу тапсырылыпты. ҰОС ардагеріне Еңбекші ауданының шенеуніктері жәрдем берді.

Сый-құрметке лайықты азаматтар жастармен бірлесіп, қарағай мен бозаршаның 150 көшетін отырғызады. Сөйтіп Даңқ мемориалы маңын кішігірім саябаққа айналдырады. Ал жергілікті билік өкілдері өз кезегінде тал-дарақтар мен қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етеді.

Жасыл желекті күтіп-баптау жас буынға тапрысырылады. Студенттер, белсенді жастар бос уақыттарында әр буынның өкілдері атсалысқан саябаққа келіп, еңбек етеді.