Облыс әкімі Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті қабылдады

258

13 наурыз күні Шымкенттегі жеңіл атлетика спорт кешенінде қазақстандық «Astana Arlans» пен польшалық «Rafaco Hussard Poland» бокс клубтарының кездесуі басталады. Екі ел спортшыларының кездесуіне орай өңірімізге келген бокстан Олимпиада чемпионы, кәсіби бокс клубының бас директоры Серік Сәпиевті облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қабылдады.

001

Асқар Исабекұлы спорт сүйер қауым үшін маңызды кездесудің Шымкентте ұйымдастырылуы қуанышты жағдай деп бағалап, оны ұйымдастыруға атсалысқан кәсіби бокс клубына алғысын білдірді. Шымкент Елбасының қолдауымен еліміздегі үшінші мегаполис мәртебесіне талпынып отырған қала екенін айта отырып өңір басшысы осы бағытта шаһарда соңғы жылдары көптеген заманауи мәдени және спорт кешендері салынғанына көңіл бөлді.

Оңтүстікте бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан айрықша жағдай жасалып жатқанын, соның нәтижесінде дәстүрлі спорт түрлерімен қатар су спорты, садақ ату, көркем гимнастика секілді спорт түрлері өркен алғанын мәлімген Асқар Исабекұлы боксшыларымыздың Шымкенттегі шаршы алаңда кездесуі жас буынға үлгі-өнеге болатынына сенім білдіріп, спортшыларымызға сәттілік тіледі.

Өңір басшысының қабылдауында болған Серік Сәпиев оңтүстікқазақстандық талай спортшы әлемдік додаларда топ жарып, ел намысын асқақтатып жүргенін алға тартып, спортқа деген жанашырлығы үшін Асқар Исабекұлына алғыс айтты. Польшалық боксшылармен өтетін екі матчтық кездесуде спортшыларымыз ел үмітін ақтап, жеңіс тұғырынан көрінетініне сендірді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі