Облыс әкімі Жапония елшісімен кездесті

244

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Масаёси Камахорамен кездесті. Кездесу барысында қос тараптар экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, туризм саласында әріптестік қарым-қатынасты орнату мәселелерін талқылады.

001

Мәртебелі мейман Жапон мемлекеті Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің қатарында болғанын айта отырып, қос ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың басында орнатылғанын мәлімдеді. Экономикалық әріптестікті орнату жөнінде қос ел басшыларының ұйғарымымен бірлескен комиссия құрылғанын атап өтті.

Осы жылдар ішінде жапондық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына 6 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, энергетика, кен өндірісі салаларында ауқымды жобаларды қолға алған. Елші Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық және туристік әлеуетін жоғары деп бағалап, Қазақстан мен Жапония арасында әуе қатынасы байланысын орнату мүмкіндігін қарастыру жөн деді.

002

Асқар Исабекұлы Оңтүстік өңіріне қызығушылық танытқан Жапон елшісіне алғысын білдіре отырып, өңіріміздің жоғары инвестициялық әлеуеті жөнінде кеңінен ақпар берді. Жапония мемлекеті жоғары технологияларды енгізуде әлемде үздік ел саналатынына көңіл бөліп, озық технологияларды бірлесе іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

Осы орайда облысымызда арнайы «Шымкент инновация» мекемесі құрылғанын айтып, жапондық кәсіпкерлерді осы бағытта әріптестік байланыс орнатуға шақырды. Экономика және туризм салаларында да қос ел кәсіпкерлеріне тиімді болатын бастамалар көп екенін айтып, әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту бағытында облыс әкімдігі Жапонияда Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымын өткізуге дайын екенін жеткізді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі