Түркістандағы өртенген базар қалпына келтірілуде

471

Түркістанда базар өртенгеннен кейін де екі апта өтіп кетті. Қазіргі таңда жұмысшылар өрт шалған құрылымдарды жинап жатыр. Бұл жерде қуатты кран мен жүк тиегіш жұмылдырылған. Жұмысшылар жақын арада базарды қалпына келтіруді бастаймыз дейді.

Осы құрылыс барысында базар әкімдігі тілсіз жаудан залал көрген саудагерлерге жаңа сауда орындарын ұсынып отыр. Ол үшін үсті жабық көлік тұрағында жүздеген сауда орны жабдықталыпты.

Мақсұт Атанбаев, «Қуаныш» ЖШС директорының кеңесшісі: «Қазіргі таңда базар әкімшілігі 140 миллион теңге көлеміндегі өтемақыны төлеп үлгерді. Базардың өртенген тұсы қалпына келтірілген. Әзірге адамдарға 600 сауда орнын ұсындық. Адамдардың өздерінің нәпақасынан аяқ астынан айрылғанын түсінеміз. Құрылыс пен жөндеу жұмыстар кезінде ол саудагерлер сауда орнына, күзет пен сақтау камерасына, электр энергиясына ешқандай ақы төлемейді.»

Ал базардың сау қалған жағында сатушы да, сатып алушы да көп. Өтемақы алған кәсіпкерлердің көбісі базар әкімшілігіне алғыстарын айтуда. Дегенмен, араларында банктердің несие борышын төлеуді қаншалықты күтетінін айтып, алаңдағандары да кездесті. Олар құрылыс мерзімі созылып кетуіне де алаңдайды.

 – Біз базарды қысқа мерзімде салып бітуге тырысамыз. Дегенмен, барлығы біздің қолда емес. Жасалған жобаны сәулет және өзге де құзырлы мекемелер бекітуі тиіс. Содан кейін дереу құрылыс басталады. Ал саудагерлердің несиелеріне келер болсақ, біз кәсіпкерлер палатасымен және базар қауымдастығымен бірге банктерден борышкерлердің қарызын шегере тұруды сұранамыз – дейді Мақсұт Атанбаев.

Еске сала кетейік, базар өртенген соң зардап шеккендерге көмек көрсету мәселесі бірден қолға алынған. Ол үшін арнайы есеп-шот ашылды да. Әзірше оған 3 миллион теңге жиналыпты.