«Отырар TV» телеарнасының «Бізде қонақта» тұрақты айдарының кезекті қонағы — облыстық эндокринологиялық диспансердің дәрігері Райша Қайратқызы.
— Студиямызға қош келіпсіз! Бүгінгі сұхбатымыз балық өнімдеріне байланысты болса. Айтыңызшы, дәрігерсіз, ағзаға қандай тағамның пайдалы, қайсысы зиян екенін жақсы білесіз, өзіңіз балық тағамдарын жиі тұтынасыз ба?
— Күнделікті деп айта алмаймын, бірақ аптасына бірнеше рет тамақтану кестесіне енгізгенмін. Жиі тұтынуға тырысамын, өзімнің отбасыма да, таныс-достарыма да көрген жерде тағамның осы түрін пайдалануды айтып, кеңес беріп жүремін.
— Негізі, балықты айына қанша күн тамақ мәзіріне енгізген дұрыс?
— Балықты қанша күн жесек те артық етпейді. Себебі, оның пайдасы мол. Бірақ, енді, күн сайын балық жеу де адамды жалықтырады емес пе… Сондықтан аптасына 1 рет міндетті түрде тұтынған дұрыс. Адам ағзасына тапшы дәрумендер осы балықтың құрамында болады.
— Өзіңіз балық тағамын қалай әзірлейсіз?
— Мен ең алдымен балықты өзімше зерттеп аламын. Иісі шығып, айнып қалмаған ба, соның анықтаймын. Сыртындағы қабыршақтары дұрыс алынып, тазартылғанын тексеремін. Егер ол қабыршақтар қалып кетсе, арасында микроағзалар болуы мүмкін. Жеген кезде де қолайсыз болып, біртүрлі жағымсыз иіс, дәм шығады. Одан кейін ғана дайындауға кірісемін. Көбіне сазан балықтарын тапсырыспен алдырамын. Оны тұз суға 1-2 сағат салып қойып, арнайы өңдеп аламын. Сосын оған қоспа жасаймын, жаңа, яғни, қолданылмаған майға қуырамын. Себебі, балықты қолданылған майға қайта қуыру адам денсаулығына қауіп тудырады.
— Қоспа деп қалдыңыз, ол қандай құрам? Мәселен, мен балық қуырғанда оны ұнға аунатып аламын, бұл қаншалықты құптарлық іс?
— Ия, адамдар балықты көбіне ұнға аунатып пісіреді. Бірақ, ұннан гөрі оған арнайы қоспалар жағып пісірген дұрыс. Себебі ұн майдың түбінде қуырылып, қарайып кетеді. Сөйтіп ол балыққа жабысады. Біріншіден, күйген дәм шығады, екіншіден, ол — денсаулыққа зиян. Ал балықты қуыруға арналған қоспаны үйде оп-оңай дайындауға болады. Ол тағамның көлеміне қарай әзірленеді.
Мысалы, 1,5 келі балыққа деп есепке алсақ. Алдымен 2 жұмыртқаны жарып, араластырып, оған кішкене мөлшерде су құйып, ұн қосып, қаймақ тәрізді болғанынша араластыра қозғаймыз. Ал осы кезде балықты тұз суынан сүзіп аламыз да, матаға қойып қоямыз. Аз-кем уақыттан соң қоспаға балықты біртіндеп салып, аунатып аламыз, сосын табадағы майға қуырамыз.
Міне, осылай пісірсек балық дәмді әрі түсі де қызарып, тәбетті ашатындай тағам болады. Және пайдалы, себебі бұл жағдайда ұнның қалдықтары майда қалып қоймайды.
— Балық тағамының да түр-түрі болады, соның қайсысын тұтынған дұрыс? Қуырылған ба әлде бұқтырылған, ысталғаны ма? Кептірілген, тұздалған… Бәлкім, сорпасын ішкен пайдалы ма? Көбіне қуырылған тағам құрамындағы дәрумендерден айырылып қалады дегенді жиі естиміз…
— Негізі, теңіз өнімдері өте пайдалы. Тіпті, ағзаға 97-98 пайыз пайдасын әкеледі. Бұл — дәлелденген дүние. Балықтың барлық түрі пайдалы, олардың әрқайсысының бойында өзіне тән дәрумендері болады. Бірақ, қазіргі уақытта балықтардың көбі белгілі бір мекемеде өңделмейді ғой. Бұл іспен жеке кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер айналысады.
Ысталған балықтарды кейбір науқастарға тұтынуға тыйым салынған. Оның ішінде бауыр, бүйрегі ауыратын адамдар жемегені дұрыс. Бұл балықтың түрін мүмкіндігінше балаларға да бермеу керек. Негізінде балықты қуырғаннан гөрі буға пісірілгені пайдалы. Балықтың қылтықтары мен қабыршақтары балалардың денсаулығына да қауіп туғызатын болғандықтан, оларды жақсылап өңдеп, котлет түрінде, буға пісіріп болып кішкентайларға ұсыну қажет.
— Балық пайдалы дейміз, оның құрамында қандай дәрумендер бар? Қандай дертке шипа?
— Балықтың құрамында, әсіресе, фосфор, кальций, йод көп кездеседі. Микроағзалардан мырыш бар – барлығы да адам ағзасына қажетті микроэлементтер болып келеді. Мысалы, йод көбіне қалқанша безі аурулары, жүректегі түрлі дерт пайда болғанда көмегі көп. Инсульт, инфаркт сынды ағзадағы дерттің алдын алатын балық майының құрамында Омега 3, Омега 6, Омега 9 деген өте пайдалы аминқышқылдары да бар.
Балық — жасы егде тартқан адамдарға ғана емес, кішкентай балаларға да өте пайдалы. Енді ғана жетіліп жатқан ағза даму кезеңінде сүйектерінің, тістерінің өсіп-бекуіне сеп болады. Көздің көру қабілетін арттырады. Сондықтан көз аурулары, сүйекке кальций жетіспеушілігі кезінде, балалардың өсіп-даму баспалдағында балықтың пайдасы орасан дер едім. Оны басқа тағамдармен салыстырған да 97-98 пайыз сіңімді.
— Балық пайдалы ғана емес, сондай-ақ, ағзаға қауіпті тамақтар қатарынан деп естиміз. Балыққа уланған адам, тіпті, қайтыс болуы мүмкін екен. Айтыңызшы, балық қанша уақытқа дейін тұтынуға жарамды?
— Бұл мәселе балықтың ауланған жеріне де байланысты болып келеді. Мәселен, кейбір аумақтан біздің өңірге мұздатылған қалпында жеткізеді. Оны ерітіп болып, тұтынған жағдайда оның қаупі жоғары болмайды. Ал қазір жеке кәсіпкерлердің кәсіпорындарында ауланып әкелген балық қанша уақыт жуу кезегінде тұрып қалады? Аулау кезінде біраз уақыт жиналып, қордалануында жатуы мүмкін. Тіпті оны аулаған соң да сақталу тәртіптері қадағаланбаса, тіпті, базардағы сауда сөрелерінде тәртіпке сай емес қалыпта, яғни мұздатқыштарда тұрмаса – бұл жағдайларда өте қауіпті! Соңы батулизм мен түрлі дертке әкелуі мүмкін. Сондықтан тұтынушы балықты сатып алар кезде оның түріне, иісіне баса назар аударғандары дұрыс. Көпшілік байқайтын да болар — тұрып, айнып қалған өнім иістеніп, сарғая бастайды. Осындай келеңсіз жағдайларды ескере отырып, тағамды таңдаған жөн. Негізі, жаңа ауланған балыққа не жетсін?!
— Ағзасы толысып кететін жандар көбіне балық диетасының көмегіне жүгінеді. Бұл қаншалықты дұрыс және көпшілікке балық диетасының қай түрін ұсынар едіңіз?
— Балық диетасы – өте тиімді. Дегенмен, барлық адамға балық диетасын ұстаныңыздар десек, бұл қате ұғым болап еді. Себебі құр балықпен диеата ұстаған кезде оның ағза құрамындағы холестерин мөлшерін көбейтпейтін, соларды ыдырататын қасиеті бар. Сондықтан толық адамдарда холестерин деңгейі жоғары болған кезде балықтың диетасына отыратын болса, біршама холестериннің түсуіне де алып келеді.
Балық диетасының басты талабы – ол қуырылмаған болуы керек. Өйткені диета кезінде май өнімдері аз болуы маңызды. Бұқтырылған, буға пісірілген, қайнатпа түрінде пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, балық диетасы өте пайдалы, көптеген аурудың алдын алады. Адам ағзасы өзіне қажетті ақуыздар мен өзге де дәрумендерді осы диета кезінде алады.
— Балық диетасын қанша уақыт ұстауға болады?
— Әрине, қаншалықты салмақты тастағанына байланысты. Өзіне қажетті салмақты тастаған сәтте міндетті түрде өзге де тамақтарды аздап тұтынған дұрыс. Себебі әр өнімнің қасиеті бар, мысалы, нан да пайдалы. Менің айтарым – балық диетасын ұзақ уақыт ұстауға да болмайды.
— Әне-міне дегенше жаз келе жатыр. Бұл сәтте адам ағзасы әлсіреп, ауруға қарсы тұру қажыры төмендейді. Жерлестерімізге қандай кеңес айтасыз, қандай тағамды тұтынуды ұсынар едіңіз?
— Ия, дәл осы мезгіл адамды әлсіретеді. Осы кезде жеміс-жидектердің кез келген түрін молырақ тұтынған дұрыс. Бірақ мен жергілікті өнімдерге кеңес беремін. Майсыз әзірленген көкөніс тағамдары жақсы. Майлы тағамдардың өзі екіге бөлінеді, жануар және өсімдік майы деген сияқты. Жануар майының қорытылуы өте баяу болады, сол себепті одан көктем, жаздыкүндері бойымызды аулақ ұстаған жөн. Таңертеңгілік уақытта жарма, ботқалар, сосын нан, тәтті кондитерлік өнімдерді азайтып, мүмкіндігінше жеміс-жидек жеңіздер. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз, дәріханалардан адам жасына байланысты дәрумендер сатылады, соны да алып ішкен дұрыс.
— Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан — Мөлдір Бекеева