Оңтүстіктің ескекшілері ерледі

274
Бұл жолғы ҚР Кубогі үшін жарыста спортшылар ескек есудің 24 түрінен сынға түсті

2014 жылы Оңтүстіктің байдарка мен каноэда ескек есушілері алға қойылған жоспарларды орындай алды. Бұрын-соңды болмаған халықаралық олимпиадалық комитеттің де стипендиясына екі жерлесіміз  қол жеткізді. Енді бір жарым жыл көлемінде Сергей мен Тимофей Емильяновтар айына 450 АҚШ долларын алып отырады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=hMWC77rDcg8[/youtube]

Естеріңізде болса, облысымыздың ескек есушілері Инчхонда өткен Азия ойындарында 4 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған болатын. Енді жерлестеріміз биыл өткен жылдың жетістіктерін қайталай ала ма?

Оңтүстік астанада өткен биылғы маусымның алғашқы республикалық сынағы біздің ескекшілердің дайындығын байқауға жақсы мүмкіндік болды. Сол себепті ел кубогі жарысына шымкенттіктер үміт артып отырған барлық спортшыларды ерте барды. Ескек есудің 24 бағдарламасының әрқайсысында Оңтүстіктің ескек есушілері медаль үшін таласты.

Төрт күндік жарыстың ішінде оңтүстік қазақстандықтар жүлденің 90 пайызын жеңіп алды
Төрт күндік жарыстың ішінде оңтүстік қазақстандықтар жүлденің 90 пайызын жеңіп алды

Қазақстан Кубогі жолындағы сайыс 4 күнге жалғасты. Сынаққа қатысушылардың ептілігін байқау үшін ұлттық құраманың бас бапкері Андрей Шантарович те арнайы келген. Өйткені, бұл жарыстың қорытындысы бойынша алдағы байрақты додаларда сынға түсетін ескекшілер іріктеліп алынады.

Көңілден шықпаса, ұлттық құрамадағы әр спортшыны өзге атлетпен ауыстыру мәселесі де қаралуы мүмкін еді. Сол себептен әр облыстың аға бапкері жарысқа үздіктерін ғана қатыстыруда.

Оңтүстікқазақстандықтар да команда құрамын облыс мақтаныштарымен толықтырды. Олардың арасында биылдан бастап шымкенттіктердің қатарына қосылған астаналық Дәулет Сұлтанбеков та бар.

Дәулет Сұлтанбеков облыс қоржынына екі алтын медаль сала алды
Дәулет Сұлтанбеков облыс қоржынына екі алтын медаль салды

Дәулет Сұлтанбеков, Азия ойындарының чемпионы: «Бұл жарыс мен үшін өте жауапты болды. Өйткені, алғаш рет Оңтүстік Қазақстан құрамасында сынға түстім. Алғашқы күні аздап жолым болмады. Дегенмен, төрт күннің ішінде екі алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алдым. Маған әлі де жұмыс жасау қажет. Өйткені, алда бірқатар ірі жарыстар бар. Дайын болуым тиіс.»

Байрақты сайыс Алматы облысында Бірінші мамыр су қоймасында өтті. Жарыстың бірінші күні оңтүстікқазақстандықтар үшін сәтті аяқталды. Жерлестеріміз 1000 метрге жарыстың өзінде облыс қоржынына сегіз алтын медаль салды. Сондай-ақ, бес күміс және бес қола медаль да шымкенттіктердің еншісінде. Оның ішінде он жүлдені ағайынды Емельяновтар жеңіп алды.

Ағайынды Емельяновтар бұл жолы да үздік екендерін дәлелдеді
Ағайынды Емельяновтар бұл жолы да үздік екендерін дәлелдеді

Михаил Емельянов, Азия ойындарының чемпионы: «Бірінші күннен бастап-ақ бір күннің өзінде бірнеше бағдарламада сынға түстік. Екінші күні де 500 метрге жарыста облысқа бірнеше алтын медаль алып келу үшін тырысып бақтық. Бірінші жарыс болғаннан кейін қиындау. Дегенмен, бапкер үмітін ақтай алдық деп ойлаймын. Ендігі мақсат – Әлем Кубогі үшін жарыста топты жару.»

Жарыстың екінші күнінде спортшылар 500 метрде сынға түсті. Бұл жолы да байдарка мен каноэда ескек есудің бірнеше бағдарламасы өтті. Жүзге тарта ескек есушінің арасынан алты жерлесіміз алтыннан алқа тақса, тағы үшеуі күміс және екеуі қола медаль жеңіп алды.

Денис Жарменов, ескек есуден ұлттық құраманың басшысы
Денис Жарменов

Денис Жарменов, ескек есуден ҚР құрама командасының басшысы: «Бұл жарыс спортшыларымыз үшін үлкен сынақ болатын. Өйткені, мамыр айында өтетін Әлем кубогіне осы турнирде іріктеу жасадық. Бұл жолы да үміт артқан бірқатар шәкірттеріміз жоспарды орындап, қуантып отыр. Олар: Дәулет Сұлтанбеков, Евгений Елексеев, Ирина Подойникова және ағайынды Емельяновтар. Оған қоса Оңтүстіктің жастар командасы да ересектер арасында жақсы өнер көрсетіп, бізді жеңісімен таңқалдырып отыр. Қоржынға салынған әр медаль жыл бойында тер төгіп, дайындалғанның нәтижесі деп білемін.»

Бұл жолғы ҚР Кубогі үшін жарыста спортшылар ескек есудің 24 түрінен сынға түсті

Жерлестеріміз қысқа қашықтыққа жарыста да бапкер үмітін ақтай алды. 200 метрге жарыста қоржынымыз 17 медальмен толықты. Осылайша 24 алтын медальдің 19-ын Оңтүстік Қазақстан құрама командасы еншілеп отыр. Тиісінше, жалпы командалық есепте облысымыз бірінші сатыда тұр. Екінші орында алматылықтар болса, алғашқы үштікті астаналықтар қорытындылады.

Андрей Шантарович, ескек есуден ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері: «Бұл жарыстың қорытындысы бойынша ұлттық команданың құрамын түбегейлі өзгертеміз дей алмаймыз. Өйткені біз бұл құраммен бірнеше жыл бойы жұмыс жасап, оларға үлкен үміт артып отырмыз. Әрине, олардың арасында да жоспарды орындай алмаған спортшылар болды. Мәселен, соңғы кездері каноэде ескек есуші екі спортшымыз үмітті ақтай алмай, бүгінде оларды ұлттық құрама командадан шығарып тастауға мәжбүр болып отырмыз. Кейде қатал жаза қолданған кезде ғана кейбір азаматтар жақсы нәтиже көрсете бастайтыны бар емес пе? Ал жалпы айтар болсақ, бұл жарыс ойдағыдай өтті. Жоспар орындалды деуге болады.»

Бұл жолғы жарыста ересектермен қатар 15 жасар спортшылар да бағын сынады

Бұл жолғы жарысқа ересектермен қатар 15 жасар спортшылар да қатысты. Оның да өз себебі бар дейді ұлттық құраманың бапкері. Кейінгі ұрпақтың арасынан да іріктеу жасап, негізгі командамен бірге оқу-жаттығу жиынға ала кетеді. Осылайша жастар да тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.

Ал бас команда тағы төрт аптадай уақыт Әлем кубогі үшін жарысқа дайындалады. Бұл жолы олар Беларуссия құрамасымен бірге әлемдік дода алдында тәжірибе алмасатын көрінеді. Ең бастысы, Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алу қажеттігін ескек есушілеріміз жақсы түсінеді. Бұл жолғы байрақты додаға 6 жолдама алынуы тиіс деген мақсат тұр.