Шымкентте балаларға арналған логопедтік орталықтар ашу жоспарлануда

790
фото: //azbyka.kz

Шымкентте инклюзивті білім жүйесінің нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі мыңнан аса бала білім алуда. Соның бір мысалы – №39 мектеп жанынан ашылған бір ғана логопедттік пункте тілінде мүкістігі бар 59 бала сөйлеу қабілетін арттырып жүр. Денсаулығында ахауы бар балалар үшін мұнда арнайы 12 класс жұмыс істейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=iVD5JOO9R54[/youtube]

Сондай балалардың бірі – Дарын Сейілханның тумасынан тілінде мүкістік бар. Он жасар баланың мектеп жанынан ашылған логопедтік орталыққа келгелі бері сөйлеу қабілеті біршама жақсарды дейді мұғалімдері. Оң нәтиже барын сезінген оның ата-анасы аптасына үш рет әкеліп, мектеп бағдарламасына сәйкес білім алуын қолдапты.

фото: //azbyka.kz
фото: //azbyka.kz

№ 39 мектеп жанынан ашылған логопедтік пункте 103 бала дәріс алады. Оларға дефектолог, психолог, логопед қызмет етеді. Әр баланың диагнозына және жас ерекшелігіне байланысты топтық сабақтармен қатар мұғалімдер жеке түрде де білім беруде. Дәріс барысында пәндегі бір тақырыптың өзі кемінде төрт-бес рет қайталанып отырады. Бұл – инклюзивті білім жүйесіндегі ең басты ерекшелік.

Шымкент қаласы бойынша мектеп жанынан ашылған мұндай 37 логопедтік пункт жұмыс істейді. Мұнда жүру мен сөйлеу кемістігі бар балалар арнайы жолдама арқылы келеді. Дегенмен, жылдан жылға мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артуына байланысты қаладағы кейбір шағын аудандар логопедттік пунктің қызметіне зәру.

Ынтымақ Мәдиев, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «Біз бұл мәселе бойынша әлі де зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соған байланысты тілінде мүкісі бар балалар қай жерде көп шоғырланса, сол жерде осындай орталықтар ашамыз.»

Осылайша білім саласының мамандары жылдың соңына дейін логопедтік пунктердің қатарын көбейтеміз деп отыр.