Қазақ өнері тағы бір заңғарынан айырылды. Театр және кино әлемінде өшпес із қалдырған, сахна мен экранда ұлттық болмысты асқақтата білген халық әртісі Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда 88 жасында өмірден өтті. Ол сомдаған әрбір бейне — қазақ актерлік өнерінің алтын қорына айналған асыл мұра.
Аңыз тұлғаның қазасына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Заңғар өнер иесімен қоштасу рәсімі ертең Алматы қаласында өтеді.
Қазақ өнерінің заңғар тұлғасы, театр мен кино әлемінде өшпес із қалдырған Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда 88 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Сахна мен экранда сомдаған бейнелері арқылы аңыз адам қазақ актерлік мектебінің алтын қорын қалыптастырды. Ол «Қыз Жібектегі» Бекежан, «Атаманның ақырында» Шадияров, «Транссібір экспресінде» Қасымханов, «Сіз кімсіз Ка мырза?» фильмінде Ка мырза арқылы халық жадында сақталды. Естеріңізде болса, абыз тұлға Шымкент қаласына 85 жылдық мерейтойында ат басын бұрып, «Тағдыр тақтасы» қойылымын сахналаған еді.
Асанәлі Әшімов — қазақ өнерінің тұтас бір дәуірін арқалаған тұлға. Ол экран мен сахнада тек кейіпкер сомдаған жоқ, ұлттың мінезін, уақыттың тынысын көрсете білді. Сондықтан да оның әрбір рөлі көрермен жадында жатталған. Халық әртісінің қазасына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады»
Заңғар тұлғамен қоштасу рәсімі ертең сағат 10:00-де Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрында өтеді. Ал денесі қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғаларды жерлеуге арналған «Кеңсай-1» қорымына қойылады.






