Қала аумағына қосылған тұрғындардың құжаттары қашан рәсімделеді?

396

Шымкент қаласының аумағына енген елдімекен тұрғындарының құжат мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Бұл жөнінде Абай аудандық әділет басқармасында өткен ашық есік шарасында айтылды. Тұрғындардың сөзіне сенсек, жер телімін рәсімдеу шарасы созбалаңға салынып жүргеніне жыл толды.

Тастанбек Маңғыт
Тастанбек Маңғыт

Тастанбек Маңғыт – өңіріміздегі Жаңаталап елдімекенінің тұрғыны. Ауыл бұған дейін Сайрам ауданының қарамағанда болған. Ал Шымкенттің аумағына енгеніне жыл толды.

Бірақ, әлі күнге тиісті құжаттар рәсімделмей келеді. Жерлесіміз мәселені шешу үшін талай есікті қаққан. Нәтиже жоқ, сондықтан жиында жауыр болған мәселені тағы көтерді.

Тастанбек Маңғыт: «Ауылымыз Шымкенттің құрамына енген соң жер телімін қайтадан өзімнің атыма ауыстыруым қажет қой? Ары-бері жүгірдім. «Сіздің жеріңіз базада жоқ» дейді. Мұны қалай түсінеміз?! Бүгінгі жиында Ақсукенттегі мекеме маманының телефонын берді, енді проблема шешімін табатын шығар.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=wBhTep7Yk18[/youtube]

Абай аудандық әділет басқармасына құжаттама мәселесінен бөлек тұрғындардың өздері заңсыз құрылыс деп тапқан нысандарды да айту үшін келген. Үй алдындағы, тіпті, балалар алаңшасы маңындағы құрылыс жұмыстарының ешбір ескертусіз басталып кеткенін ашына жеткізді.

Еңбеккерлердің жалақы мәселесі де көтерілді. Жиынға қатысқан «Нұр Отан» партиясының және облыстық адвокаттар кеңесінің өкілдері, қалалық жер қатынастары бөлімі мамандары мен халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы айтылған мәселелерді саралады.

Құрылысты тұрғындар заңсыз деп отыр

Гагарин көшесінің тұрғындары
Гагарин көшесінің тұрғындары

Сәбитжан Ақбаров, Абай аудандық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Келген азаматтардың басым бөлігі жер мәселесі жөнінде айтты. Әсіресе, Шымкент қаласының құрамына енді ғана қосылған Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарының тұрғындары келіп, құжат рәсімдеу бойынша шағымдарын жеткізді. Мәселені қарап, оның шешімін таптық деген ойдамыз. Тиісті мекемелерге жолдама беріп, бағыт көрсеттік.»

Осылайша ашық есік шарасына ағылған ағайынға тиісті саланың мамандары кеңесін айтып, көтерілген мәселелер оң шешімін табады деп шығарып салды.