Оңтүстікте отбасы күнін асыға күтетіндер бар

298

Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы. Оны сақтай білу – жанұяның әрбір мүшесінің парызы. Біздің өңірде үлгілі отбасы көп. Оңтүстіктің тең жартысын көпбалалы жанұя құрайды. 15 мамыр отбасы күні мерекесін атап өтетіндер де жетерлік. Халық қалаулысының шаңырағы мен ұшқыштар әулетін бұл мерекені асыға күтетіндердің қатарында.

Бексейітовтердің отасқандарына 37 жыл толған. Отағасы- елге танымал ұшқыш Көпжасар Бексейітов. Әуе кеңістігін бағындырған жанның жары Сафура жеті бала сыйлапты. Бұл күнде олардың барлығы елге еңбек етуде. Жалғыз ұлдары әке жолын қуып, ұшқыш мамандығын игеріп жатыр.

Көпжасар Бексейітов: «Көпбалалы отбасында өстік. Еңбектендік, оқыдық. Өзімнің балаларыма да сондай талап қойдым. Құдайға шүкір, алты қыз, бір балам бар. Баламның тілегі – ұшқыш болу. Арманына жету үшін, шекара асып оқып жатыр. Негізі, менің ақжаулық таңдауда жолым болған. Асыл жарымның арқасында талай белесті бағындырдық».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Q6kH7Arht20[/youtube]

Ұшқыштың әйелі бұл күнде бақытты ана. Жолдасының әрбір бағытын бағамдап отырып, талай жылдың өтіп кеткенін де байқамапты. Еңбекқор әке, адал жар бола білді дейді. Бір-біріне деген адал махаббаты отбасындағы сыйластықты арттырғанын жасырмайды.

Ал халық қалаулысы Нұрғазы Бұхарбаевтың төрт қызы бар. Отбасының гүлі де, тірегі де осы қызғалдақтары. Сондықтан болар, бос уақытын жанұясымен өткізгенді жақсы көреді. Мұнысын жұбайы бағалайды.

Жанна Ерсейітова, Н.Бұхарбаевтың жұбайы: «Біздің папамыздың жұмысы көп. Десе де бізге уақыт табады. Қыз бала болғандықтан ба, үнемі көңілдерінен шығатын тосын сыйлар жасап жүреді. Мерекелік дастархан жасап, қыдыртқанды ұнатады. Бос уақыты бола қалса, қыздарына арнайды. Бұл қасиеті кез келген ер адамның бойынан кездеспейді. Жолдасыммен мақтана аламын.»

Халық қалаулысы жұмыстан қолы қалт етсе, қыздарының өнерін тамашалайды. Бойжеткендер әкесіне арнап, концерт қоюдан жалықпайды.

Ақтолқын Нұрғазықызы: «Біздің әкеміз жақсы адам. Отбасында оның айтқаны – заң. Ал анамыз – қамқоршымыз. Екеуінің амандығын тілейміз».

Екі бірдей отбасы – Оңтүстікке танымал, үлгілі жандар. Тұрақтылықтың негізі – түсіністік, беріктіліктің белгісі – адалдық деген ұранмен өзгелерге өнеге көрсетіп келеді.