Жетпіс жыл жұбы жазылмаған

Өмірдің кермек дәмін ерте тартқандардың бірі – Батан ата мен Күнсұлу әже.

Белботаев Батан – 1926 жылы Ордабасы ауданында дүниеге келген. Тыл ардагері. Жасы тоқсанға таяса да қария тың, сөзі нық. Дастарханынан ағарған үзілмейді. Деннің сау болуының бір сыры да осында болар. Бойынан күш-қуаты таймаған ата ұйықтардың алдында бір кесе айран ішіп, атқа мініп жайлауға шығып келеді.

19-028

«Балдәурен кезім соғысқа тұспа-тұс келіп, еркелік дегенді де ұмыттық. Таң сәріден колхоздың жерін қол соқамен жыртып, дән себетінбіз. Аяқ-қолымыздың күс-күс болып, тіпті, кейде домбығып, ісіп кететін кездері де болады. Оған қарауға шама жоқ. Жұмыстың біткенін ойлап, жанымызға батқан ауру-сырқауды да ұмыт қалдырған кездеріміз болған. Сол уақыттағы басты арманымыз – біздің ер-азаматтар жау әскерлерін жеңіп, елге оралса дейтінбіз», – дейді Батан ақсақал.

Батан атамен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған Күнсұлу әже жайлы да айтқанымыз жөн. Күнсұлу Анықбайқызы 1927 жылы күз айында Арыс (қазіргі Ордабасы) ауданы, «Октябрь» колхозында дүниеге келген. Әкесі мен анасы ерте дүниеден озып, жетімдіктің күнін кешті. Сегіз жылдық мектепті бітірген соң, колхоз жұмысына араласты. Тағдырдың жазуымен Батанға тұрмысқа шыққан.

Қазіргі уақытта қария шаңырағын 7 ұл және қыздан тараған немере-шөберелер қуанышқа кенелтіп отыр. Ардақты әке мен аяулы анадан тәлім көрген ұлдар мен қыздар өз отбасыларының ұстынына айналған. Жас кезінен қиыншылық пен ашаршылықтың зардабын тартқан қос қария барға қанағат етеді. Ұрпақтарына енбекпен күш-қуат жинап, отбасын берік ету керектігін үнемі айтып отырады.

Сондай-ақ, ата-әженің шаңырақты шайқалтпай, жұптарын жазбай келе жатқандарына да 70 жылдың жүзі болыпты. Осындай өнегеге толы отбасыға ауыл жұртшылығы сыйластықпен, құрметпен қарайды. Қазыналы қарттардың ақыл-кеңесіне жүгінеді. Қариялардың амандығына тілектес болып жүргендерді құлағымыз шалды.

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015