Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында «Көкнәр-2015» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер құрамында есірткі заты бар көкнәр мен сора егістігін жойды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұл рейд облыс аумағында 1 маусым мен 30 қазан аралығында «өтіп жатыр. «Көкнәр-2015» іс-шарасының үш күні ішінде оңтүстікқазақстандық полицейлер заңсыз есірткі айналымына қатысты 12 фактіні анықтады.
Сондай-ақ, құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсірудің 5 дәйегі анықталып, 8 қылмыстық іс қозғалып, 10 құқықбұзушы ұсталды. Заңсыз айналымнан 19 келіге жуық есірткі заты және құрамында есірткісі бар өсімдіктердің 2818 түрі тәркіленді.
Нақты айтқанда 1 маусым күні есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Мақтаарал ауданының 44 жастағы тұрғынының ауласынан өсіруге тыйым салынған, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді анықтап, жойды.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары 44 жастағы күдіктінің үйінің ауласынан 2400 түп өсімдік және кептірілген 2 қап сора тәркілеген.
Сот-криминалистік сарапта айғақты заттың көкнәр екенін анықтап берді. Оның ішінде 13 түп сора өсімдігі және 3 келіден астам кептірілген көкнәр өсімдігі де бар.
Осы факті бойынша қылмыстық кодекстнің 300-бабы (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.