«Галиев и К» серіктестігі енді жолаушы тасымалдамайды

331

Облыс орталығында қоғамдық көліктердің жаңа дәуірі басталды. Шымкентте 11 бағыт бойынша тендер өткеріліп, жеңімпаз компания жұмысына кірісті. Бірақ бұл бәсеке өзге тасымалдаушыларды тақырға отырғызған сыңайлы.

005

Наташа Кузубаева «Галиев и К» мекемесінде 15 жыл қызмет етті. Диспетчер болған ол осында білімін жетілдіріп, экономист қызметіне ауысқанын айтады. Бірақ бүгіннен бастап ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүр. Өйткені көлік компаниясы енді жолаушылар тасымалымен айналыспайды.

Нұрілдә Сүндетилаев та компанияда автобустарды пайдалану бөлімінің бастығы қызметін атқарып келген. Енді ол да өзге әріптестеріндей жұмыс іздеуге көшті.

Нұрілдә Сүндетилаев: «Қай жерге барсам да жасымды сұрайды. Мен «50 келдім» деймін. Одан кейін «Кешіресіз, бізге болмайды екен» дейді. Кім жұмысқа алады? Балаларым, немерелерім бар. 18 жыл еңбек өтілім бар.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nJxtl7El1ec[/youtube]

Бұл компания өкілдері қазір қажет болмай қалған GPS құралдарын кезінде 25 мың теңгеге сатып алғандарын айтады. 40-тан аса құрылғыны енді қайта сатуымыз керек дейді Нұрілдә. Компаниядағы автобустар да сатылымға қойылған. Басшылықтың айтуынша, әзірге Тараз бен Қарағандыдан тапсырыстар түсуде. Былтыр 26 мың долларға сатып алынған автобустарды екі есе арзан бағамен сатуға мәжбүр. Енді осы көліктерді тізгіндеген жүргізушілердің тағдыры шешіліп жатыр.

Геннадий Галиев, «Галиев и К » ЖШС басшысы: «Қазір жүргізушілерді жұмысқа орналастырумен айналысудамын. Тәжірибелі мамандар болғандықтан, жұмыс табатындарына сенімдімін. Ең өкініштісі — былтыр ғана автопаркті жаңалаған едік. 200 мың долларға 7 автобус сатып алған болатынбыз. Қазір несиелерді кезеңімен төлеп жатырмыз. Бір базаны сатып, жұмысшылардың жалақысымен есеп айырыстым. Серіктестікте жөндеу базасы жүйеге қойылған, осы бағытта жұмыс атқарамыз енді.»

1997 жылы құрылған «Галиев и К» серіктестігі №135, 84 және 103 бағыттағы қоғамдық көліктерімен жолаушыларға мамыр айына дейін қызмет көрсетті. 26 жыл осы компанияда қызмет еткен Рахымжан Миташев қазір №93 бағытта жұмысқа кірісіпті.

Рахымжан Миташев, автобус жүргізушісі: «Екі автобуспен №93 бағытқа ауыстық. Менімен бірге он адам кетті. Не істейміз? Тендер…»

Бұл салада беделі бар компания өкілдері жұмыссыз қалмаймыз деп сенеді. Өйткені өзге бағыттағы көлік жүргізушілері осында автобустарын жөндейді.

«Галиев и К» компаниясы 2010 жылы жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың арасында ең үздік мекеме болып танылған еді. Сол жылы, тіпті, «Алтын көшбасшы» құрметті атағына ие болған серіктестіктің қазіргі тағдыры тәлкекке ұшырайды деп ешкім де ойламаса керек.

Шынар Оразова