Мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істеуге құқылы

Шымкентте кезекті рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы 173 мекеме 1200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып отыр.

Баргида Ханшикова – болашақ медбике. Жұмыс іздеп жүргеніне бір жыл болыпты. Бос жұмыс жәрмеңкесіне бір емес, бірнеше рет келген. Алайда аузы күйіп, көңілі қалған Баргида бүгін де жұмыс табатынына күмәнмен қарайды. Өйткені алдыңғы жәрмеңкеде «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жолдамасын алып, қалалық емханаға барған студентті қабылдамай, кері қайтарған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_X23K03SLYs[/youtube]

Баргида Харшикова: «Сәуір айында өткен жәрмеңкеде жолдамамды алып, емханаға барғанмын. Бас дәрігер мені бізде бос жұмыс орны жоқ деп қайтарып жіберді. Ал мұндағылар келесі жәрмеңкені күт деді. Міне, бүгін тағы келдім. Барлық жұмыс берушілерді қарап шықтым. Медбикелерге арналған бос жұмыс орны жоқ. Сондықтан балабақшаларға барсам ба деп ойлап тұрмын. Мүмкін, жұмыс табылып қалар.»

Әр үш ай сайын өтетін бос жұмыс жәрмеңкесіне бұл жолы облысымыздағы 173 мекеменің өкілдері қатысты. Олар 1148 бос жұмыс орнына маман қажет. Жәрмеңкеге кез келген жастағы жұмыс іздеушілер, жұмыстан қысқартылғандар мен оқу орнын аяқтаған, жоғары, орта білімді жастар, тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандар да қатыса алды.

Марат Әбілхайыров, халықты жұмыспен қамту орталығының директоры міндетін атқарушы: «Бұл – жұмыс іздеушілерге үлкен мүмкіндік. Тек тұрақты ғана емес, уақытша, әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындары да ұсынылады. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жолдама беріледі. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс табуға мүмкіндігі мол. Өйткені жұмыс ұсынушылардың жұмыс күшінің заңы бойынша 3 пайыздық квотасын мүмкіндігі шектеулі азаматтар құрауы тиіс».

Өңірімізде математика, химия, физика, орыс тілі пәнінің мұғалімдері мен құрылыс саласының әр түрлі санаттағы техника мамандары жетіспейді. Денсаулық сақтау саласында маммолог, кардиолог, лор дәрігерлері де тапшы.

Алайда жұмыс іздеушілер ауылдық жерлерге барудан ат-тондарын ала қашып отыр. Түсірілім кезінде байқағанымыз, Мақтаарал, Арыстан келген жұмыс ұсынушыларға бір де бір адам түйіндемесін қалдырмапты. Ал кешке дейін созылған жәрмеңкеде 500-ге жуық жұмыс іздеуші жолдама алып үлгерді.