Шымкентте медбикелер GPS құрылғысымен жұмыс істейді

25

Шымкентте медицина қызметін халыққа барынша қолжетімді ету мақсатында медбикелерге GPS құрылғысы берілді. Енді олар өз учаскелеріндегі азаматтардың денсаулығын аралап, қарау барысында ауруы асқынған науқасқа кезіксе, құрылғының көмегімен қажетті дәрігерді жылдам шақыртып береді.

GPS навигациясымен қаладағы №6 емхананың медбикелері жұмыс істеуде. Жаңа құрылғымен 38 маман қамтылған. Бұл аппарат арқылы монитордан емхананың аумағында тіркеуде тұрғандардың нақты мекенжайларын, пациент туралы ақпараттарды көруге болады.

Дәрігерлер бұл цифрлы жүйе халықтан келіп түсетін өтініш-шағымдардың санын азайтып, бала өлімін болдырмау, медициналық көмекті өз деңгейінде көрсетуге, тіпті, әлеуметтік мәселелердің алдын алуға оң ықпалын тигізеді, – дейді.

«Қалалық №6 емханада мамыр айынан бастап үздік озық тәжірибелік орталығына көшу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта аймақтық медбикелерге Әмбебап прогрессивті патронаж моделін толық енгізуде GPS навигациясы іске қосылды. Бұл мақсатта 38 медбике қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бұл жүйенің басты мақсаты – аймақтық медбикелер аула аралау кезінде 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, динамикалық бақылауда тұратын азаматтарды жоспарлы профилактикалық тексеруге шақыруды қамтамасыз етеді.

Егер пациенттер арасында шұғыл медициналық көмек туындаған жағдайда GPS навигациясының батырмасын басу арқылы бас дәрігердің орынбасары, бөлім меңгерушісі және бас медбикенің сымтетіктеріне шақырту келіп түседі. Келіп түскен шақыртуға дер кезінде қажетті медициналық көмек ұсынылады», – дейді Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы.