Оңтүстік түлектерінде 402 «Алтын белгі» бар

215

Оңтүстік Қазақстан облысында ҰБТ-ның үшінші күнінде «Алтын белгіден» үміткер 402 оқушы үмітті ақтап шықты. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Сүндет Санаев мәлім етті.

Жауапты маманның айтуынша, Оңтүстік Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеудің үшінші күнінде 4126 бітіруші сынақ тапсырды. Облыстың орташа көрсеткіші 77,4 балды көрсетті.

– Осы күні «Алтын белгіден» үміткер 231 түлек сынаққа кіріп, олардың 51 пайызы өз білімдерін растады, – дейді Сүндет Санаев.

Айта кету керек, Түлкібас ауданындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының бітірушісі Лаура Абдазимова ҰБТ-дағы ең жоғары көрсеткіш – 125 балл жинаса, Шымкент қаласындағы №2 ҚТЛ бітірушісі Зайтуна Ходжаева 124 балға қол жеткізді. Тағы 2 түлек 123 балл жинап отыр.

– Үш күннің қорытындысы бойынша ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген 18592 бітірушінің 11285-сі тест тапсыруға кірген. Облыстың орта балы – 79,1. Осы күндері тестке кірген 402 оқушы «Алтын белгіге» лайық екендерін растады, – дейді Сүндет Санаев.

bnews.kz