Шардаралық қыз тәртіп сақшысын бөтелке сынығымен жарақаттады

377
Фото: //tengrinews.kz

Оңтүстікте тәртіп сақшыларына дөрекілік танытып, күш қолданған жас қыз ұсталды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жақында әлеуметтік желіде белгісіз бір қыздың полиция қызметкерлеріне бағынбай, оларды бейәдеп сөздермен балағаттап, бөтелкенің сынығымен қоқан-лоқы жасаған бейнеролигі пайда болды.

Оқиға 3 маусым күні Шардара ауданында орын алған. Шардаралық жол-патрульдік полиция инспекторлары кешкі сағат 18:30 шамасында Шардара қаласындағы «Алтын» жағажай демалыс орнына баратын тасжолдың бойында өз міндеттерін орындау барысында жол-көлік қозғалысын бұзғаны үшін «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатқан.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, хаттама толтыру барысында көліктің жүргізушісі, 21 жастағы А.Жүсіпбекова есімді қыз полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсеткенімен қоймай, көліктің ішінен алып шыққан бөтелкені жерге ұрып сындырып, соның сынығымен тәртіп сақшыларының бірінің қолдарын кесіп, жеңіл дене жарақатын салған.

Полиция қызметкерлері құқықбұзушыны ұстап, Шардара АІІБ-ның кезекші бөліміне жеткізеді. Осы жәйт бойынша қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша айыптыға 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады.

Қазір айғақты заттар алынды. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген. Тергеу амалдары жалғасуда.