Шымкентте аймақтық журналистер форумы өтті

331

Шымкент қаласындағы «Rixos» қонақүйінде «Бес институттық реформа. 100 нақты қадам: Ақпараттық қамту және ілгерілету» атты аймақтық журналистер форумы өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

003

«100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, сонымен бірге жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Ал форум елімізді өркендету жолындағы тиімді дамудың бес қадамын ақпараттық қамту және насихаттау болып табылады.

004

Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр ұлт мүддесі үшін жасалып жатқан 100 нақты қадам – біздің биік мақсатқа талпынып шығатын, самғауға жетелейтін баспалдақ екенін атап өтті.

‒ Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстанда жалпы саны 236 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 175-сі газет болса, 37 журнал мен 12 телеарна, үш радио және тоғыз интернет ресурсы халыққа жылдам әрі толымды ақпарат таратуда. БАҚ өкілдерін Елбасы айтқандай бір ұлт болып ұйысуға, ілгерілеуге, ұлт жоспары мақсатында атқарылған шараларға белсене қатысып, ақпаратпен қамтуға шақырамыз, ‒ деді Е.Садыр.

005

Өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан бұл форумға Астана, Алматы, Қызылорда, Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарынан келген «Ара.kz» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылары одағының сатира кеңесінің төрағасы К.Әмірбек, «Түркістан» газетінің бас редакторы Ш.Паттеев, «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп, «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы К.Сәттібайұлы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қ.Әуесбайұлы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Ж.Жұмәділов сынды білікті журналистер қатысып, өз ойларын ортаға салды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=p9nFCCrvgFo[/youtube]

‒ Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 90-қадамында БАҚ-та, интернетте, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыруды ақпараттық қамту және ілгерілету туралы тапсырмасын орындау, жергілікті билік пен БАҚ арасындағы байланысты одан әрі нығайту, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау мақсатында «Оңтүстік» ақпарат орталығы құрылып, жұмыс жасауда. Аталған орталықта жауапты басшылар күнделікті өтетін брифингтерге қатысып, билік пен БАҚ арасында ашық диалог алаңын орнатты. Мұнда күн сайын баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылып, өңірде жасалып жатқан жұмыстар баяндалуда, ‒ деді ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Б.Құрманғали.

Форум «Ақпараттық қамту және ілгерілету», «Мәңгілік ел – қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыру», «БАҚ-тағы, интернеттегі бұқаралық ақпараттың жаңа буындарын қалыптастыру» тақырыптарында өтті.