Еңбекші ауданындағы 100-ге жуық қоқыс алаңшасы жаңартылады

358

Балалар алаңшасы қоқыс алаңына айналмақ. Қала аумағына қарасты «Гидролизный» елдімекеніндегі №1 «Б» үйдің тұрғындары осылай деп ашынады. Айтуларынша, қоқыс жәшігін ауыстырумен айналасатын мекеме жұмысшылары контейнердің ескісін алып, жаңаларын үйдің маңына жақын орнатпақ. Және оны жайғастыру үшін үйдің алдын көлегейлеп тұратын ағаштарды қырқып тастаған.

Шынар Дулатова,  №1 «Б» үйдің тұрғыны: «Түсінсем бұйырмасын?! Бұл үйде кілең көпбалалы отбасылар тұрады. Менің өзімнің 6 балам бар. Бізде балалар алаңшасы болмауы керек пе сонда?! Неге қоқыс контейнерін үйдің алдына әкеліп қояды? Бұдан біз ауру боламыз ғой? Біз қоқыс контейнерін бұрынғы орынға қойғанын талап етеміз».

Ал жауапты мамандардың сөзіне сенсек, қоқыс контейнерін өз орнында қалдыру үшін коммуналдық кедергілер бар. Яғни, үйге су құбырының жүйесін жүргізу мүмкін болмай қалады екен. Бірақ Еңбекші аудандық әкімдігінің өкілдері тұрғындар үшін тағы бір шешім тауыпты.

Нұрлан Бектұрсынов, Еңбекші аудандық әкімдігінің бөлім басшысы: «Қазіргі уақытта 98 қоқыс алаңшасының контейнері жаңартылады деп отырмыз. Оларды орналастыру үшін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамында тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің, қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары және аудандық әкімдіктің өкілдерімен қатар бірқатар өзге де мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері болады. Жасақ әрбір қоқыс алаңшасына қатысты арнайы құжат түзеді, алдағы уақытта тек сол құжаттама бойынша қызмет атқарылады».