Қазақстанның ұшқыштары алғаш рет халықаралық «Авиадартс-2015» конкурсына қатысады. Бірегей шоу 26 шілде мен 16 атмыз аралығында Ресейдің Липецк және Рязань әуежайларында өтеді. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қытайдың ұшқыштары қатысады деп күтілуде.
Қазақстандық команданың сапында Шымкент авиация базасының төрт экипажы бар. Қазір ұшқыштар жерде және әуеде қызу жаттығып жатыр.
Практикалық жаттығудан соң ұшқыштар жаттығу залына барып, әскери әуе кемелерінің дәл көшірмесі саналатын құралдарда «ұшуды» жалғастырады. Қазақстанның әскери-әуе күштерінің өкілдері осынау халықаралық жарыста МиГ-29, Су-25, Су-27 және Ми-8 ұшақтары мен тікұшақтарымен бақ сынайды.