Суицидтен көш бастап тұрмыз…

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 53 кісі өзіне қол салып қаза болады екен. Бұл көрсеткіш Орта Азия елдері бойынша Қазақстанда ең жоғары деңгейде болып тұр. Соның ішінде балалардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі жиілеп кетті. Әсіресе өмірдің қызығы мен шыжығына енді ғана кірісіп келе жатқан жасөспірімдер арасындағы суицид белең алып барады.

Мәселен, елімізде жыл басынан бері 86 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бас прокуратура өкілдері жүргізген сараптама қорытындысы осындай. Статистика өткен жылмен салыстырғанда кәмелет жасына толмағандардың арасындағы суицид жағдайлары 24,4 пайызға азайғанын көрсетіп отыр. Ал 2013 жылы 250 бала өз-өзіне қол жұмсаған болса, 2012 жылы – 211, 2011 жылы – 257 жағдай тіркеліпті.

Қадағалаушы орган өкілдерінің сөзінше, балалар арасындағы суицид жағдайларының басым көпшілігі биыл Оңтүстік Қазақстан облысында тіркеліпті. Өңірде 22 бала өз өмірімен қоштасқысы келсе, Шығыста 10 жасөспірім осы іс-әрекетке барыпты. Ал Қостанай облысында – 9, Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 5 жағдайдан орын алған. Мамандардың пікірінше ҰБТ кезінде де суицидке қатысты деректерде кездесіп жатады.

Мәселенғ биылғы тестілеу кезінде елімізде үш түлектің суицид жасағаны белгілі. 2 маусымда Ақмола облысында 11 сынып оқушысы асылып қалса, артынша, 6 маусымда Ордабасы ауданының бір түлегі  өз-өзіне қол жұмсаған еді. Жусансай мектебінің түлегі тестілеудің ертесіне өз-өзіне қол салған. Сабақты кілең бестікке оқыған ол ұстаз болуды армандаған екен. ҰБТ-ға дейінгі сынама тестілерде үнемі 85 балдан төмен жинамаған оқушы, сынақта орташа 75 балл жинапты.

Десе де мұғалімдер суицидті тестпен байланыстырғысы жоқ. Сол сияқты Ленгір қаласындағы мектеп бітіруші де осындай әрекетке тест қорытындысын білгеннен кейін барған. Жинаған 91 балымен медицина мамандарын даярлайтын оқу орнына түсе алмаймын деген түлек сарайға барып асылып қалыпты. Абырой болғанда аман қалды. Ағасы құтқарып, ауруханадан ем алып шықты.

Ал Астанада екі оқушы көпқабатты үйден секіріп, жан тәсілім етті. Бақилық болған қыздар көпқабатты тұрғын үйдің балконынан секіріп кеткен. Өзін-өзі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған полицейлер оқиғаның анық-қанығын тексерді. Алайда жасөспірімдердің не себепті мұндай қадамға барғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Сол сияқты Ақтөбеде дәл осыған ұқсас қайғылы жайт тіркелді. Қаладағы №3 орта мектеп оқушысы өз үйінде асылып өлген болатын.

Жалпы жас-өспірімдердің неліктен суицидке баратынын зерттеген прокуратура қызметкерлері оның бірқатар себептерін анықтаған. Белгілі болғандай, жеткіншектердің 32 пайызы отбасындағы жағдайға байланысты өз-өзіне қол жұмсауға барады екен. Жалғыздық себебімен жасөспірімдердің 6 пайызы көз жұмады. 5 пайызы оқудағы проблемаларды көтере алмайды. Балалардың жанұя жағдайы, оның ішінде толық емес жанұя, жанұяның ішіндегі психологиялық факторлардың, ата-ана мен бала, ата-аналардың өзара түсініспеушіліктері материалдық қанағатсыздық және т.б. факторлар себеп болып жатады екен.

Және мұндайға баратын жастардың дені – 14-17 жас аралығы дейді мамандар. Яғни өскелең ұрпақ қиын жағдайдан шығудың «оңай жолын» таңдағысы келеді. Өз-өзіне қол жұмсаған адам ертеңгі өмірін ойламайды. Бір проблеманың шекарасынан шыға алмай қалады да, осымен бәрі бітті деп ойлайды. Және дәл сондай күйде оған көмек көрсетер жанашыр адам табылмайды. Ал ата-ана тіршілік қамын ойлап, күндіз-түні жұмыста болады. Психологтардың пікірі осындай. Олардың пайымдауынша бүгінгі буынның әлсіз болуына тек ата-ана, мектеп қана емес, оған тұтас қоғам кінәлі.

Өзекті мәселеге жуырда Елбасының өзі де алаңдаушылық білдірді. Елордада өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы келеңсіз жағдайдың алдын алу бойынша сәйкес шаралар қабылдап, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Атап айтқанда, аталған сала бойынша мемлекеттік органдардың үйлесімді жүйелі жұмысының жоқтығы мен мектеп басшылығының, ата-аналар комитетінің және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімдердің өзара іс-қимылы деңгейінің төмендігін сынға алды.

Кәмелетке толмағандар мен жастарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартудың төмен деңгейін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігіне 2015-2020 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар мен жастар арасында өзіне өзі қол жұмсаудың алдын алудың қосымша ұйымдастыруды қадап айтты. Сондай-ақ тәжірибелік шаралар кешенін жасауы, Білім және ғылым және ІІМ-мен бірге өзіне өзі қол жұмсау әрекеті қаупі бар кәмелетке толмағандарға көмек көрсету алгоритмін жасап, бекітуді тапсырды. Осылайша бұл проблеманың алдын алу үшін үкімет нақты жоспарлы түрде жұмыс жүргізетін болды.

Айнұр Ақбаева»Оңтүстік Рабат»

«Оңтүстік Рабат», №26, 01.07.2015